Министр елге келетін шетелдік танымал әртістердің бюджет ақшасының есебінен шақырылмайтынын айтты.
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы елге келетін шетелдік танымал әртістердің бюджет ақшасының есебінен шақырылмайтынын айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында көптеген шара өткізіліп, көпшіліктің үлкен қызығушылығын тудырды. Біздің министрліктің басты саясаты – ең бірінші кезекте өз өнерпаздарымызы таныту, көрсету. Шетелдік әртістер тек өзара тиімді шарттарға сай шақырылады. Жақында бізден София Ротаруды кім шақырып жатыр деп сұрады. Бізде жоғары деңгейдегі әртістерді Қазақстанда аса қомақты ақшаға шақыру саясаты жоқ», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан Республикасы Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында.
Министрдің айтуынша, шетел әншілері демеушілердің қаражаты есебінен ғана шақырылады.
«Біз ЭКСПО-2017 көрмесі аясында La Scala театрының әртістерін шақырдық. Бірақ ол кезде 260 адам «Эни» компания тобының арқасында келді. Пласидо Доминго Rolex маркалы сағат компаниясының арқасында өнер көрсетті», - деді ол.