Наурыз айының басында отбасын құрамыз деп шешкен.
ERNUR.KZ. Суға батып бара жатқан қызды құтқарамын деп көз жұмған полицей Шалқар Ақымғалиевтің ғашығы Ақбота Нұғманова әлі күнге дейін болған жағдайға көндіге алмай жүргенін жеткізді, деп жазады stan.kz.
Бойжеткен үш жыл бұрын танысқан сүйіктісінің кеңпейіл, жүрегі мейірімге толы, ақкөңіл болғанын айтады. Достары мен әріптестерінің арасында да беделі жоғары болған. Сондай-ақ, отбасының тұңғышы мен тірегіне айналған. Қос ғашық қазан айында Шалқардың әкесінің жылын өткізгеннен кейін отбасы болып бірге тұрамыз деп шешкен. Алайда қайғылы оқиға болып, олардың бұл жоспары жүзеге аспай қалды.
«Біздің емес, Алланың қалауы болды. Біз ойлағандай болмады. Алла қалады, солай болды. Наурыз айының басында отбасын құрамыз деп шештік. Көз жұмардың алдында оны өзімнің отбасыммен таныстырдым. Шалқар да үйіндегілерге айтып, мені өзінің отбасымен таныстырғалы жүрді. Алайда осындай жағдай болып қалды. Отбасын сырттай білетін едім», - дейді бойжеткен.
Марқұм полицеймен көз жұмарының алдында бір сағат бұрын сөйлескен. Шалқар қайғылы жағдай болардан бір күн бұрын ғана «Адам суға батып бара жатса, қалай құтқаруға болады?» деп сұраған екен.
«Шалқар сол кезде «Мен жұмысыма адалмын. Менен көмек сұраса, қол ұшымды созар едім. Жұмысыма ант бердім. Сол кезде барлығын іштей сезгендей айтып кетті. Шалқар құтқарған қызбен кездескен жоқпын. Ешкімге ренжімеймін. Алланың қалауы осылай болды ғой. Бірақ осы жағдай болатын күні жүрегім бір жамандықты сезді. Сол кезде достары маған хабарласып, жағдайымды сұрап кетті. Бірақ мен ешнәрсеге мән бермедім. Кейін құрбым келіп Instagram жесілінде жарияланған жаңалықты көрсетті. Қарасам, Шалқар Ақымғалиев деп аты-жөні жазылып тұр екен. Сол уақыттан бастап өмірім түске айналғандай болды. Сене алар емеспін. Әлі күнгедейін жүрегімнен жібере алар емеспін сол адамды. (...) Соңына дейін Шалқар қоңырау соғып, жағдайының жақсы екенін айтады деп үміттендім. Шалқардың жоқ екенін сезгенде өмірімнің мәні болмады», - дейді Ақбота Нұғманова.
Естеріңізге сала кетсек, 21 наурыз күні түнгі сағат 10 шамасында Шалқар Ақымғалиев келіп түскен қоңырау бойынша орталық көпірге аттанды. Ол суицид жасамақ болған әйелді құтқару үшін суға секірді. Әйел жағаға шығарылғанымен, сержанттың өзі суға кетіп, көз жұмды.
25 жастағы Шалқар Ақымғалиев отбасының жалғыз асыраушысы болған. Үйленбеген, бойдақ. Бұған дейін Ішкі істер министрінің Шалқардың анасына көңіл айтқан хатын жариялаған болатынбыз.