Қордай дүнгендерін көшіру туралы айту әлі ерте – Бердібек Сапарбаев

0
1 571

Жамбыл облысына әкім болған Б. Сапарбаев Қордайдағы оқиғаға байланысты құрылған комиссия төрағасы болып қала бермек.


Қордай дүнгендерін көшіру туралы айту әлі ерте – Бердібек Сапарбаев

ERNUR.KZ. Бүгін Үкімет отырысынан кейін Жамбыл облысының «су жаңа» әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы жағдайға қатысты журналистерге қысқаша пікір білдірді. Оның айтуынша, кісі өліміне, тұрғын үйлердің қирап, азаматтардың дүние-мүліктерінің бүлінуіне әкеп соқтырған оқиғаға байланысты шығын көлемі әлі нақтыланбаған, деп жазады azattyq-ruhy.

«Әзірге келтірілген шығын сомасын айта алмаймын. Себебі тұрғын үйлер, сауда орындары әлі тексерілуде. Бір-екі күнде шығын көлемі анықталады, сосын Үкіметке ұсыныс енгіземіз. Жергілікті кәсіпкерлермен сөйлесіп, оларды да зардап шеккен отбасыларға көмектесуге тартып жатырмыз», - деді Бердібек Сапарбаев.

Журналистер әкімнен «Қордай дүнгендерін басқа аймақтың халқымен араластырып, қоныстандыру керек» деген сыңайда қоғамда айтылып жатқан пікірге қатысты ойын білді.

«Анклавқа қатысты айтатын болсақ, оның барлығы сол Масаншы ауылы тұрғындарының өзіне байланысты. Кейбір адамдар Сортөбе, Масаншы ауылдарының тұрғындарын басқа жаққа көшіру туралы айтып жатыр. Менің ойымша, бұл сұрақты көтеру ерте. Бұған дейін қалай тұрып келсе, солай тұру керек. Ең бастысы келісім мен өзара түсіністік болуы тиіс», - деді ол.

Айтпақшы, Б.Сапарбаев аталған оқиға әлеуметтік саясаттың жұмысын жоққа шығармайды деп есептейді.

«Мен мұны әлеуметтік саясаттың құлдырауы деп есептемеймін. Мұндай жағдай бізде ғана емес, әлемнің басқа елдерінде де болып тұрады. Тұрмыстық қақтығыс қой. Біз мемлекет ретінде тиісті шаралар қабылдауымыз керек», - деп тоқталды.

Жамбыл облысына кеше ғана әкім болып тағайындалған Б. Сапарбаев Қордайдағы оқиғаға байланысты құрылған үкіметтік комиссияның төрағасы болып қала бермек. Ал короновирусқа қатысты комиссияны енді Үкіметтің басқа мүшелері басқарады.


«Оны шешетін мемлекет басшысы. Ол сондай шешім қабылдаған соң, мен оны орындауға міндеттімін. Кезінде министр болсам, қазір әкім болып осы Жамбылдағы оқиғаның салдарын тезірек жоюға жұмыс жасаймыз», - деп жаңа қызметі жайында қысқаша қайырды.

Ал аудандағы техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың себебін әкім қираған ғимараттармен түсіндірді.

«Ол жерде ештеңе жарылған жоқ. Өздеріңіз білесіздер. Көптеген үйлерге зақым келді, өрт болды. Сондықтан бәрін қалпына келтіру үшін техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Үйлерді, сауда үйлерін жөндеуіміз керек, көшелерді тазалау керек. Ал асыраушысынан айырылған отбасыларға заң бойынша Үкімет көмек көрсетеді», - деді Бердібек Мәшбекұлы.