Қордайдағы төбелес: Тұрақтылыққа мемлекет құраушы ұлт қана мүдделі ме?

0
1 463

Үкіметтік комиссия жетекшісі Бердібек Сапарбаев тұрақтылыққа күш салу қажеттігін баса айтуда.


Қордайдағы төбелес: Тұрақтылыққа мемлекет құраушы ұлт қана мүдделі ме?

фото:baq.kz

ERNUR.KZ. Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтік комиссия Қордай ауданындағы ахуалды тыныштандыру, қираған сауда орындарының, үйлердің, көліктердің шығынан есептеу бағытында жұмыс атқаруда, деп жазады baq.kz.

Кеше Сортөбе, Масаншы, Қаракемер, Бұлар батыр, Қарасу ауылдарының тұрғындарымен кездескен комиссия төрағасы жағдайды тыныштандыруға қажетті күштің барлығы жұмылдырылатынын, шығындардың орны толтырылатынын айтты.

Біз барлық шығынды қалпына келтіреміз. Бұзылған үйлер мен сауда нүктелері қайта орнына келеді. Бүгінгі таңда барлық ауылдарда жұмысшы тобы, комиссиялар, сарапшылар жұмыс жасауда. Қандай шығын болды, қандай жұмыстар атқару керек, бәрін қарайтын боламыз, – деді ол.

Аймақта төтенше жағдай режимі жарияланғандықтан ауылдарды құқық қорғау қызметкерлері, әскери күштер жіті бақылауға алған. Ауданға кірген-шыққан көліктердің барлығы мұқият тексеріліп жатыр. Ауылдардың ішінде де құқық қорғау қызметкерлері тексеру шараларын қолға алған.

Барлық қылмыстық істерді тексеріп, тергеу амалдары жалғасып жатыр. Жағдайдың тұрақтылығын жоғары деңгейде бақылауымызға алдық. Бұл жұмыстар істің мән-жайы толық ашылғанша жалғаса береді. Қазір полиция қызметкерлері материалдар жинаумен айналысуда. Кінәлі азаматтар толық жазаланатын болады, - деді Жамбыл облыстық полиция басқармасының басшысы Арман Оразалиев.

Десе де, жергілікті тұрғындардың көңілі әлі орнында емес. Мәселен, Масаншы ауылының тұрғыны Абдумалик Умаров отбасын осындағы мешіттердің біріне жайғастырғанын, кешеге дейін ешқандай гуманитарлық көмек келмегенін, ауылда азық-түлік сатып алатын дүкен жоқтығын жеткізді.

Қазіргі таңда Масаншыдағы дүнген ұлтының өкілдері бала-шағаларын мешіттерге, балабақшаларға, таудағы малшылардың үйлеріне орналастырған. Ешқандай гуманитарлық көмек жеткізілген жоқ. Кейбіріміз ауыл шетінде көліктерге түнеп жүрміз, тоңдық, қарнымыз да аш. Нан алатын сауда орындары жоқ, - деген ол болған төтенше оқиғаның ешқандай да жаппай төбелес емес екенін әңгімеледі.

Абдумаликтің пікірінше, бұл – дүнген ұлтының өкілдерін тұқыртуға бағытталған ұйымдасқан оқиға.

Мен Алматы, Тараз секілді басқа аймақтан осы қақтығысқа арнайы қазақ жігіттері келгенін естідім, көрдім де. Олардың қолдарында тапаншалар, мылтықтар болды. Олар ондай қаруды қайдан алды, кім берді? Сол күні құқық қорғау органдары неге бізді қорғай алмады?, - деп шағымданды А.Умаров.

Біз тілдескен жергілікті дүнген ұлты өкілдерінің денінің сөзі осыған саяды. Олар бұл жаппай төбелес емес деген пікірде, Масаншы, Сортөбе ауылдарында тұратын дүнген ұлтының өкілдерін басып-жаншуды көздеген дейді.

Ал біз әңгімеге тартқан қазақ ұлтының өкілдерінің сөзінде әлдебір ыза бар. Тыныштықты, тұрақтылықты қалайтындарын айтқан олар бұған өзге ұлт өкілдері де мүдделі болуы тиісітігін айтты.

Бізге тыныштық керек. Әркім жөнімен әрекет етсе, соқтығысып неміз бар? Айтайын, осыдан 4 жыл бұрын дүнгендер мынау мектептің алдындағы Туымызды қасақана өртеген. Одан кейін қызымызды зорлау деректері болды. Дүнген-қазақ жігіттерінің арасында қаншама төбелес болып жатыр. Солардың ешқайсысында дүнген ұлтының жігіттері жазаланған жоқ, сүттен ақ, судан таза болып шыға келеді. Дүнген оқушылары екі қазақ мұғалімін жабылып сабаған. Бұл да үлкендерінің жастарға беріп жатқан тәрбиесінің дұрыс еместігін аңғартады, - деді қаракемерлік Болат есімді азамат.

Оның пікірінше, мұндағы дүнген жұртшылығы қазақ мемлекетін сыйламайды. Әйтпесе, жастары Қазақстанның заң қызметкеріне қол көтере ме, сексен жастан асқан қарияны өлімші етіп ұра ма?

Төлеген Құдашбаев деген ақсақал еді ол. Біздің ауылдың тұрғыны. Соққының зардабына шыдамай күні кеше соңғы демін алды марқұм, - деді Болат.

Мұндай пікірді өзге де қазақ ұлтының өкілдері тізбелеп айтып беруге әзір.

Бұл қақтығыс неше жылдан бергі дүнгендердің қорлығына төзіп келген қазақтардың төзімі кемеріне келіп жарылғандығынан болды. Олар өздерін өктем санайды, бізді адам құрлы көрмейді, - дейді олар.

Ал жергілікті журналистердің бірі ауданда халық игілігі үшін атқарылған жұмыстардың жартысы осы дүнген ауылдарына бұйырғанын атап өтті.

Біздің өңірде бір жылда он мектеп салынған болса, соның оны осы Масаншы, Сортөбе ауылдарына бұйырады. Бар жақсымызды осылардың аузына тосып отырмыз. Судың да басында дүнгендер отыр. Анау жақта қаншама қазақ ауылдары суға жарымай отыр. Жердің де жақсысы осыларда. Қаншама қазақ тұрғындар жерге қол жеткізе алмай әлек. Жақында Масаншыдан ашылған балабақшаны көрсеңіздер, Алматыдағы кейбір колледждер оның салтанатына жетпейді. Ал ол балабақшада 99 пайыз дүнген бүлдіршіндері тәрбиеленіп жатыр, - деді тілші.

Үкіметтік комиссия жетекшісі Бердібек Сапарбаев тұрақтылыққа күш салу қажеттігін баса айтуда. Ал ол тұрақтылыққа тек қазақ ұлтының өкілдері мүдделі болмауы тиіс. Онда тыныштық орнатамыз деу бекер. Тұрақтылық жағдайына өзге ұлт өкілдері де аянбай үлес қосқаны абзал.