Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік: тағы 50 адам сотталды

0
847

Келтірілген залал сомасы 800 миллион теңгеден асады.


Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік: тағы 50 адам сотталды

ERNUR.KZ. Жамбыл облысында сот Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың ісі бойынша шешім шығарды, деп жазады Tengrinews.kz.

Сот мәліметінше, жалпы 51 адамға айып тағылды, олардың біреуі кінәсіз екенін дәлелдеп, ақталып шықты. Оларға "жаппай тәртіпсіздікке шақыру", "бопсалау", "қарақшылық", "адам өлтіру", "құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің өміріне қол сұғушылық" және "қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау, алып жүру" бойынша іс қозғалды.

Сотталушылардың мүдделерін 60-қа жуық адвокат қорғады. Нәтижесінде 19 адам бес жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза алды. Сондай-ақ, залалды өтеген 31 адам бес жылдан бір жылға дейінгі шартты мерзімге сотталды.

Ақпарат бойынша, келтірілген залал сомасы 800 миллион теңгеден асады.

Еске салайық, 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болды.

Жаппай төбелеске 300-ге жуық адам қатысқан. Ауқатты ауылы және Бұлан Батыр ауылдарында жанжал шықты. Бұзақылар металл заттарын, атыс қаруын қолданған.

Медициналық мекемелерге 137 адам көмек сұрап келді. Екі полицей зардап шеккен. 30-ға жуық үй, 15 сауда орталығы қираған, 23 көлік өртенген.