Коронавирус бойынша тесттен өткізу жағынан Қазақстан Оңтүстік Кореяны басып озды

0
803

Бүгінге дейін 320 мыңға тарта тест жасалған.


Коронавирус бойынша тесттен өткізу жағынан Қазақстан Оңтүстік Кореяны басып озды

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Хабар24» арнасына берген сұхбатында коронавирус бойынша Қазақстанда жүргізілген тесттер туралы айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бүгінге дейін 320 мыңға тарта тест жасадық. Яғни әрбір 1 млн адамның 20 мыңына тест жүргізіліп отыр. Жан саны бойынша тест өткізуден Кореяны басып оздық. Бұл тесттің бәрі де тегін жүргізілді. Ақылы тестті шамамен бір апта бұрын енгізген едік», - деді Елжан Біртанов онлайн режимдегі баспасөз мәслихаты барысында.

Оның айтуынша тестті өткізу бойынша негізгі үш көрсеткіш бар.

«Ең бірінші кезекте медициналық көрсеткіш туралы айтар болсақ, ЖРВИ-дің кез келген түрі бойынша кездескен, коронавирус инфекциясы бойынша күдікке ілінген, яғни температурасы бар немесе пневманиямен түскен адамды тесттен өткіземіз. Екіншіден – эпидемиологиялық көрсеткіш бар. Яғни біз коронавирус анықталған азаматпен жақын қарым-қатынаста болған немесе вирус бойынша сезікті елден келген азаматтарды тесттен өткіземіз. Оларды тесттен өткізу - республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен тегін жүргізіледі. Сонымен қатар – карантин кезінде қызметте жүрген әскери қызметшілер, медицина мамандары мен гипермаркет қызметшілері үшін де тесттен өту тегін», - деді министр.

Сонымен қатар министр уақыт өте келе карантин тәртібі жеңілдеп, адамдар біртіндеп жұмысқа шығатынын мәлім етті.

«Дәл осы ретте халықты жаппай тесттен өткізу керек пе, ол үшін ақшаны кім төлейді деген сұрақ туындайды. Біз осы тесттердің бір бөлігі эпидемиологиялық қадағалау есебінен жүргізілетіндей жұмыс жүргізудеміз. Яғни мемлекет есебінен тесттен өтетін әртүрлі топтағы адамдарды таңдаймыз. Міндетті түрде тегін санатқа кіретін азаматтар: егде адамдар, созылмалы ауруы бар азаматтар, инфекциялық стационарлардың медициналық қызметкерлері. Бұл адамдар қауіп шеңберінде жүргендіктен вирусты жұқтырып алуы мүмкін», - деді ол.

Елжан Біртанов шетелге шығу қажеттігі туындаған азаматтарға қатысты да ойын білдірді.

«Мәселен адамға шетелге шығу қажеттігі туындады делік немесе белгілі бір компания қызметкерлерін маңызды шара алдында тексеріп аламын десе, мұндай жағдайда ақшаны компания төлейді. Ал егер адам өз еркімен коронавирусты жұқтырып алғанын немесе алмағанын білгісі келсе, онда ақылы түрде өтеді. Сонымен қатар біз өткізуді жоспарлап отырған эпидемиологиялық тестілеу жұмыс ретіне қарамастан барлық санатты қамтиды. Бәлкім мамыр айының соңында бұл іске кірісеміз. Бізде тесттер мен зертханалық қуаттылықтың қауқары жеткілікті», - деп түйді Елжан Біртанов.