Коронавирус жұқтырған 58 науқастың жағдайы ауыр - Біртанов

0
718

Науқастардың 85 пайызының жағдайы жеңіл.


Коронавирус жұқтырған 58 науқастың жағдайы ауыр - Біртанов

ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "Коронавирус пандемиясына қарсы шаралар туралы" тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг барысында айтты, деп жазады baq.kz.


Кеше еліміздегі коронавирустық жағдайға байланысты Үкіметте ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Қазіргі таңда елдегі эпидемиологиялық жағдайға тоқталсам, бүгінде 9304 адамнан коронавирус анықталып, оның 4600-ден астамы емделіп шықты. Өкінішке қарай, 37 науқас қайтыс болды. Ал, 4653 науқас тиісті ем-дом шараларын қабылдауда, оның 355-і бала. Науқастардың 85 пайызының жағдайы жеңіл деп айтуға болады. Олардың дені симптомсыз тіркелген. 13% немесе 543 науқастың жағдайы орташа. Ал, 1,5% немесе 58 науқастың жағдайы ауыр, 19 науқас жасанды вентиляцияға қосылған, - деді министр.

Елжан Біртанов соңғы екі аптада эпимедиологиялық жағдай көрсеткішінде өсім деңгейі байқалатынын айтты. Оның айтуынша, осы аралықтағы күнделікті өсім деңгейі 5%-дан аспайды.
Соған қарамастан, кейбір өңірлерде коронавируспен тіркелген науқастар саны артып отыр. Мысалы, Атырау, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстары және Шымкент қаласы. Бұл өңірлердегі коронавирустық індеттің өсімі көбінесе, ірі кәсіпорын қызметкерлерінен анықталған. Атыраудағы "Теңізшевройл" кәсіпорнында 1063 науқас тіркелсе, Қарағанды облысында 358 науқас, Шымкент қаласындағы "PetroKazakhstan" ұйымында 2019, Нұр-Сұлтан және Түркістан қалаларындағы құрылыс орындарында 80-нен астам науқас, Жамбыл облысы және Алматыдағы әскери ұйымдарда да бір топ науқас тіркелген, - деді ол.

Министр бұл өсімнің себебі белгілі екенін мәлімдеді. Біртановтың айтуынша, карантин кезінде халық жаппай үйде отырды, оқшауланды, алайда, кейбір сала қызметкерлері, мысалы, медицина, әскери сала және кейбір кәсіпорындар жұмысын тоқтатқан жоқ. Тиісінше, инфекцияның таралу ықтималдығы жоғары болғаннан кейін осындай жағдай туындап отыр.