Коронавируске қарсы қазақстандық вакцина: Сынаққа 600-ден аса адам қатысуға өтініш берді

0
842

Құжаттарды қабылдау 10 қыркүйекте аяқталады.


Коронавируске қарсы қазақстандық вакцина: Сынаққа 600-ден аса адам қатысуға өтініш берді

ERNUR.KZ. 627 адам коронавирус инфекциясына қарсы «QazCovid-in» қазақстандық вакцинасының клиникалық сынақтанына қатысуға өтінім берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Құжаттарды қабылдау осы жылдың 10 қыркүйегінде аяқталады. Бүгінгі күні 627 адам біз жасаған вакцинаны өздеріне салдыруға ниет білдірді. Бірінші кезеңде біз 44 адамды, екіншісінде 240 адамды іріктеуді жоспарлап отырмыз. Біз вакцина туралы жоғары хабардарлыққа, қазақстандықтардың жағымды мотивациясы мен патриотизміне қуаныштымыз. Мұндай сенім іс жүзіндегі қолдау ғана емес, сонымен қатар біз сияқты өндіруші үшін және бүкіл қазақстандық ғылымға үлкен моральдық қолдау болатыны анық. 627 адамның әрқайсысы, тіпті олар еріктілер қатарына кірмесе де, біз үшін батыр деуге болады. Біз оларға барлық қазақстандықтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға қосқан жеке үлесі үшін өте ризамыз», - деді БҚПҒЗИ бас директоры Күнсұлу Зәкәрия.

Еске сала кетейік, 31 шілдеде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) QazCovid-in коронавирусына қарсы қазақстандық инактивтендірілген вакцинаны клиникалық сынақтарға жіберілген кандидат вакциналар тізіміне енгізді.

Институт директоры бастаған жеті вакцина жасаушы вируспен жұмыс кезінде қауіпсіздігін қорғау үшін вакцинаны қабылдаған алғашқы еріктілер болды. Тест нәтижелері бойынша вакцина салғандардың бәрінде вирусқа қарсы антиденелер пайда болды, қызметкерлердің дені сау және ғылыми-техникалық бағдарлама шеңберінде жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Еске салсақ, Қазақстанда 2020 жылдың 23 наурызында COVlD-19-ға шалдыққан алғашқы пациенттен патологиялық материал алынып, бір аптадан кейін ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты SARS-CoV-2 вирусын бөліп шығарды.

2020 жылдың 9 мамырында COVlD-19-ға қарсы кандитат инактивтелген вакцина әзірлеу бойынша жұмыс аяқталып, оның хаттамасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына жіберілді.

15 мамырда ДДСҰ алдын ала тексеруден кейін оны клиникаға дейінгі сынаққа жіберілген кандиат вакциналар тізіміне қосып, вакцина және әзірлеуші туралы ақпаратты ресми сайтында орналастырды.

2020 жылдың 15 мамырында зертханалық тышқан, сириялық атжалман, теңіз шошқасы, күзен және үй қоянына кандидат вакцинаны клиникаға дейінгі сынақ басталды. Клиникаға дейінгі сынақ вакцинаның ДДСҰ регламенттеген барлық параметрлер, атап айтқанда уыттылығы, дерт туындатушылығы, аллергенділігі, иммуногендігі бойынша ДДСҰ талаптарына және Қазақстан Республикасының мемлекеттік фармакопиясына сай келетіндігін көрсетті.

2020 жылдың 26 шілдесінде вакцинаның 5 әзірлеушісі тірі вируспен жұмыс істеу барысында қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету үшін ерікті түрде ванцинаны өздерінде сынады. Бірнеше тәулік өткеннен кейін олар өздерін жақсы сезініп, дене қызуы мен аллергиясы болмаған.

Отандық вакцинаның клиникаға дейінгі сынағы биылғы 20 тамызда аяқталып, нәтижесі ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне берілетіні бұған дейін мәлім етілген еді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен рұқсат алынғаннан кейін 2020 жылдың 20 қыркүйегінде Алматы қаласындағы клиниканың базасында COVID-19-ға антиденесі жоқ 44 еріктіге клиникалық сынақ (І фаза) басталатындығы күтіледі.