​Қошқаратада қырылған балықтарға қатысты екі түрлі қорытынды шығып қылмыстық іс қозғалды

0
1 509

Қаланың қақ ортасынан өтіп, Шымкенттің шырайын ашып тұрған өзендегі апат туралы мемлекеттік екі органның екі түрлі қорытындыға келгені түсініксіз.


​Қошқаратада қырылған балықтарға қатысты екі түрлі қорытынды шығып қылмыстық іс қозғалды

ERNUR.KZ. Қошқарата өзенінің жағасында тұратын Мырзахан Исатаев балықтың қырылуын өзенге аққан шайынды судан көреді: «Канализациядан аққан су осында аққанын көрдім. Оны жоғарыда тұратын әйелдер де растайды», деп жазады Otyrar.kz.

Фатима Имашева үйінің алдындағы кәріз құдығы үнемі шайынды суға толып қалатынын айтады. Ол аздай ернеуінен асқан лас су Қошқаратаға барып құйылады екен: «Анау жоғарыдағы консервныйдың қалдықтары айтуға ауызым бармайды барлығы осында келіп бітеледі де шайынды су Қошқаратаға ағады».

Ал Абай аудандық қоғамдық денсаулық сақтау мамандарының су мен балықтан алған сынамасы таза болып шығапты. Сынамалар балық қырылған орындарды қосқанда өзеннің бес жерінен алынған.

Қошқарата өзенінде балықтар қырылып қалған

Абдугапур Шажаев, Абай аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

«Қошқарата өзеніндегі су мен қырылған балықтардың сынамасы алынды. Бес күн бойы тексерілді. Абай аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мамандары тексерген сыннаманың нәтижесі таза болып шықты».

Қошқарата өзенінде балықтың қырылуына қатысты Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің мамандары тиісті шара көрілгенін айтты.

Серік Сарбасов, Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің маманы:

«Қошқарата өзенінің 12 нүктесінен судың сынамасын алып тексердік. Жұмысшы тобы Тельман бөлімшесіндегі Молдабаев көшесінен бір шақырым жерде жоғарыда «Су арнасы-маркетинг» ЖШС-не тиесілі орталық кәріз жүйесі өтетінін анықтаған. Тексеру барысында зиянды ластауыш заттар анықталды. Бұл дерек бойынша тексеру тағайындалды. Қорытындысы бойынша әкімшілік шара, қоршаған ортаға тигізген залалы белгілі болады. Ішкі істер басқармасымен Қылмыстық Кодекстің 328 бабы 2 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды».

Қаланың қақ ортасынан өтіп, Шымкенттің шырайын ашып тұрған өзендегі апат туралы мемлекеттік екі органның екі түрлі қорытындыға келгені түсініксіз.