ERNUR.KZ. Қостанай облысының Бейімбет Майлин ауданында тұрғын үй секторынан өрт шығып, екі адам көз жұмды, деп жазады ҚазАқпарат.
«18 қаңтар күні сағат 07:34-те «101» пультіне Б.Майлин ауданының Тобыл кентіндегі өрт туралы қоңырау келіп түсті. Қазақ көшесінде орналасқан тұрғын үйдегі өрттен кейін күйіп кеткен екі адамның мәйіті табылды. Үйде 1962 жылы туған мүгедек ер адам және 1983 жылы туған әйел болған. Олардың полиция органдарында профилактикалық есепте тұрғаны және алкогольді асыра пайдаланғаны анықталды», делінген ведомство хабарламасында.
Олар үйді жатын бөлмедегі электр плитасының көмегімен жылытқан. Алдымен үй ішіндегі жиһаз бен тұрмыстық заттар өртенген. Өрттің жалпы аумағы 8 шаршы метрді құрады.
Өрт толығымен 08:26-да сөндірілді. Өртті сөндіруге Тобыл кентінің № 17 өрт сөндіру бекеті мен Әйет ауылының жеке құрамынан 2 арнайы техника мен 9 адам жұмылдырылды.
Қайғылы жағдаймен аяқталған өрттің шығу себебі электр плитасындағы электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиға орнында өрт сөндіру зертханасының мамандары жұмыс істеуде.
Қостанай облысының ТЖД электр пегтерін қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.