Қостанайда "14 ер адам зорлады" деп айыптаған қыздың бар шындығы ашылды

0
807

Баланың әкесін анықтауға 30 млн теңгеден көп шығын жұмсалғаны белгілі болды.


Қостанайда

ERNUR.KZ. Өзін 14 ер адам зорлады деп айыптаған Қостанай тұрғыны босанды. Жақында істің жабылғаны белгілі болып, оның аясында 40 адам ДНҚ сараптамасынан өткені анықталды. Баланың әкесін анықтау үшін бюджеттен қанша қаражат кеткені де мәлім болды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Қазақстандық бойжеткеннің басынан өткен жағдайды белгілі адвокат Айман Омарова Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында президентке айтқан еді. Ол қылмысы жасағандар бостандықта жүргенін, ал іс жабылып қалғанын хабарлаған болатын.
Бұл мәлімдемеден кейін іс қайта қаралып, көп ұзамай қайта тоқтатылды. Ал оның себебін Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы Бекет Айтмағамбетов түсіндірген болатын.
Айтмағамбетовтің сөзінше, қосымша тергеу жұмыстарының аясында 40 шақты азамат тексерістен өткен. Бірақ ДНҚ сараптамасын тапсырғандар арасында баланың әкесі жоқ болып шыққан.
Ал қыз зорлау фактісі болды деп сендіріп отырған тойдағы куәгерлер 14 азаматтың бірден жоғалып кетпеді деп сендірген. Олар қыздың ұзақ уақытқа көзден тас болғанын, ал жігіттер кезегімен кетіп жатқанын алға тартқан.
Сондықтан, тойдағы жұрт төсек қатынасы келісіммен болды деп есептеген. Жәбірленушімен жыныстық қатынасқа түскенін күдіктілер де жасырмапты. Алайда олар барлығы қос тараптың келісімімен орын алды деп сендірген екен.
Полицейлер іздеу жұмыстары аясын кеңейту барысында баланың әкесі 14 азамат та емес, жәбірленушінің туысы екенін анықтады. Олар келісіммен жыныстық қатынасқа түскен болып шықты.
Жақында халық алдында есеп берген полицейге қоғамда дау тудырған іске қатысты тағы да сұрақ қойылды. Онда барлық рәсімге бюджеттен қанша теңге кеткені айтылды. Осылайша, баланың әкесін анықтауға 30 млн теңгеден көп шығын жұмсалғаны белгілі болды.
ДНҚ сараптамасы баланың әкесін анықтаған соң қыз полицейлермен байланысқа шықпаған. Адвокатпен бірге жауап алуға шақырылғанымен, екеуі де келмепті. Сол себепті, істі жабу туралы шешім шыққан.
"Соманы есептедік, 30 млн болып отыр. Бұл жағдайда әлдекімдер біреудің проблемасы арқылы популизммен айналысқан деп ойлаймын.
Қыз арыз жазуға ниет білдірмеген. Фельдшер оның жүкті екенін біліп қойып, қысқан. Ол өзін зорлады деп айтуға мәжбүр болған. Құқық қорғаушылар келіп, шу көтерген. Енді жәбірленуші де, барлық елге жар салған құқық қорғаушы да жоқ.
Менің ойымша, адам қыз үшін қатты уайымдаса, соңына дейін баруы керек еді. Жоқ, әкесін тапты да тынышталып қалды.
Тергеу жұмыстары үшін көптеген адам мен қаражат тартылды. Ауқымды жұмыс жүргіздік. Полицейлерді ғайбаттап, өздері жоғалып кетті.
Айта кететін жайт, қыздың еш кінәсі жоқ. Ол бұл істің құрбаны болып отыр. Сол арқылы біреулер өздеріне атақ жинап отыр", - дейді Бекет Айтмағамбетов.
Айта кетейік, Арқалықтың 22 жастағы тұрғыны өзін 14 ер азаматтың жабылып зорлағанын айтып, заңгер Айман Омароваға хат жазған еді. Ол өзіне зәбір көрсеткендердің барлығы да бостандықта жүргенін айтып, адвокаттан көмек сұраған.