ҚР АШМ: құс тұмауы бойынша 113 млн теңгеден астам өтемақы төленді

0
969

Ресми тіркеусіз және комиссиялық актілер жасалмай құс тұмауынан өлген қанаттылардың өлексесі жойылған жағдайда өтемақы төленбейді.


ҚР АШМ: құс тұмауы бойынша 113 млн теңгеден астам өтемақы төленді

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары жоғарғы патогенді құс тұмауынан өлген құстары үшін өтемақы ретінде 75 млн теңгеге жуық қаржы алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еске салсақ, Қазақстанда жоғары патогенді құс тұмауынан еліміздің 7 облысында, яғни Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында құстардың өлімі тіркелген болатын. Ең көп қанаттылардың өлімі СҚО-да байқалды.

Қазіргі уақытта жеке аулаларда құстардың өлімі толық тоқтады деп айтуға болады. Соңғы 2 аптада жеке қосалқы аулаларда жаңа жағдайлар тіркелген жоқ.

Жалпы, карантинді, дезинфекциялауды, вакцинацияны жедел енгізудің, сондай-ақ өлген және ауру құстармен байланыста болған құстарды жоюдың арқасында аурудың таралуы тоқтатылды. Қазір республика бойынша індеттен өлген құстарды жою шаралары жалғасуда, құс иелеріне өтемақы төленіп жатыр.

Жеке қосалқы шаруашылықтарда жоғарғы патогенді құс тұмауының салдарынан 26 547 бас, үш құс фабрикасында – 860 306 бас («Бескөл құс фабрикасы» ЖШС, «Агроинтерптица», «Адель-кус») өлді.

Осылайша, өлген және жойылған құстың үлесі Қазақстандағы құстардың жалпы санының 1,8%-ынан аспайды. Айта кетсек, еліміз бойынша 46,7 млн. құс тіркелген.

«Ветеринария саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бекіту туралы» ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы № 7-1/559 бұйрығына сәйкес облыс әкімдіктеріне 2020 жылғы 7 қазанда өтемақы алу үшін құс өсірушілерге құжаттар пакетін қалыптастыру үшін көмек көрсету қажеттілігі туралы хаттар жіберілді.

Бүгінде ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ-сі 28 864 бас құс үшін 113 млн теңгеден астам қаражат төледі. Ал, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына 15 693 бас құс үшін 74,5 млн теңгеден астам қаржы төленді. Бұл құс тұмауынан өлген құстар үшін арналған барлық өтемақы төлемдерінің 73%-на жуығын құрайды.

Айта кету керек, қазіргі уақытта өндірісте 1 817 бас құс үшін төлем құжаттары бар. Құжаттардың түсуіне қарай өтемақыларды аудару жұмысы жалғасатын болады.

Ресми тіркеусіз және комиссиялық актілер жасалмай құс тұмауынан өлген қанаттылардың өлексесі жойылған жағдайда өтемақы төленбейтінін атап өткен жөн. Өтемақы төлемдерін алу тәртібі туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі құс иелеріне өзінің ресми сайты және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ағымдағы жылдың 17 қыркүйегінде хабарлаған болатын.

Бұған дейін хабарланғандай, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті құстарды вакцинациялауға 7,7 млн доза вакцина, оның ішінде ақпан айында ветеринарлық іс-шаралар жоспары бойынша құс тұмауына қарсы вакцинациялауға 3,3 млн доза бөлінген.

Вакцинациялау жоғарғы патогенді құс тұмауы тіркелген ошақтарда, ҚР-ның бірқатар шекаралас облыстарының аудандарындағы құс шаруашылықтарында, құс фабрикаларының айналасында 20 км радиуста және қоныс аударатын жабайы құстардың бағыты бойынша жүргізілді.

4 тамызда Ресей Федерациясында құс тұмауының жоғары патогенді вирусының өршуіне байланысты ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Челябі облысынан, ал 26 тамызда Омбы облысынан тірі құстарды, құс шаруашылығы өнімдерін және ілеспе тауарларды алып келуге және олардың транзитіне шектеу енгізді.

ҚР АШМ құс тұмауының қоздырғышы Қазақстан аумағына солтүстіктен оңтүстікке қоныс аударатын жабайы құстар арқылы келгенін атап өтті.

2020 жылдың қыркүйегінде жоғары патогенді құс тұмауы әлемнің 26 елінде анықталды (барлығы 459 ошақ). Ресей Федерациясында 1,5 миллионнан астам құс қырылды.