ҚР Парламенті бюджетке енгізілген толықтыруды қабылдады

0
1 409

Парламент Сенаты аталған заң жобасына Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға негізделген түзетулер енгізді.


ҚР Парламенті бюджетке енгізілген толықтыруды қабылдады

ERNUR.KZ. Қазақстан Парламенті «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын қабылдады, деп жазады ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары құжатқа Сенат енгізген өзгерістермен келісті.

«Парламент Сенаты аталған заң жобасына Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға негізделген түзетулер енгізді. Осы орайда азаматтық және мемлекеттік қызметшілердің бөлек санаттарының жалақысын арттыру мерзімін биылғы 1 шілдеден 1 маусымына ауыстыруға қатысты. Жалпы, республикалық бюджет шығыстарын 38 млрд теңгеге арттыру ескерілген», - деді Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Серік Құсайынов.

Осы орайда ол аталған комитет Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен келісетінін атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Сенат депутаттары палатаның жалпы отырысында «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылап, құжатты Мәжіліске қайтарды.

Бұл тұрғыда бюджет саласының жалақысы төмен жұмыскерлерінің және атқарушы органдардың санаттары төмен мемлекеттік қызметшілерінің жалақысын арттыру мерзімін биылғы 1 шілдеден 1 маусымына ауыстыру бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі болды.