Кредит төлемдерін кейінге шегеру: депутат жеңілдіктің тиімсіз тұсын атады

0
1 456

Қазіргі тәртіп бойынша төлемдер шегеріледі, бірақ кредиттің мерзімі ұзартылмайды.


Кредит төлемдерін кейінге шегеру: депутат жеңілдіктің тиімсіз тұсын атады

ERNUR.KZ. "Ақ жол" фракциясы үкіметке депутаттық сауал жолдап, шағын және орта бизнестің кредиттері бойынша төлемдерді кейінге шегерудің тиімсіз тұсын атады, деп жазады sputnik.kz.

Депутат Азат Перуашевтің айтуынша, осы жолы президент кәсіпкерлердің кредиттік төлемдерін кейінге шегеруге тапсырма берсе де, осы бастама былтырдан бері жүйелі түрде атқарылмайды. Қазіргі тәртіп бойынша төлемдер шегеріледі, бірақ кредиттің мерзімі ұзартылмайды. Содан кейінге шегерілген төлемдерді бір уақытта аударуға тура келеді.

"Банктер жеңілдік мерзімі өткеннен кейін жиналған төлемдерді негізгі қарызға қосып қояды. Осылайша, қалған уақытта ай сайынғы төлемдер ұлғаяды. Кәсіпорындар онсыз да тығырыққа тіреліп отыр. Ал қызмет көрсету саласындағы табыстың көлемі бес-алты есеге азайған", – деді Перуашев мәжілістің жалпы отырысында.

Осыған байланысты фракция үкіметке тағы депутаттық сауал жолдап, кредиттік келісімдердің мерзімін ұзартуға ұсыныс жасады. Сонда ай сайынғы төлемдердің мөлшері сақталады.

"Сондай-ақ банктерге кейінге шегерілген төлемдерді негізгі қарызға қосуға тыйым салу қажет. Ол үшін жай кредиттік төлемдерді шегеріп қоймай, кәдімгідей "кредиттік каникул" жариялаған дұрыс", – деп атап көрсетті Перуашев.

Айта кетейік, өткен аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл жиын өткізіп, коронавирусқа қарсы шараларды талқылады. Сол жерде мемлекет басшысы үкіметке шағын және орта бизнесті қолдау шараларын қарастыруды тапсырды. Олар:

  • пандемиядан зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес үшін жекелеген салықтар мен төлемдерді төлеуді кейінге қалдыру;
  • салықтық және кедендік берешектерді мәжбүрлі түрде өндіріп алуды уақытша тоқтату;
  • кредиттер бойынша төлемдерін кейінге шегеру.

Осы шаралар шектеулердің басым бөлігі алынғанға дейін уақытша қолданыста болады. Президенттің ойынша, мамырдан бастап ШОБ субъектілеріне, соның ішінде қызмет көрсету саласында шектеулерді біртіндеп алып тастауға болады.