ҚТЖ-ның еншілес компаниясы 482,3 миллион теңге болатын пәтерді аукционға шығарды

0
444

Жылжымайтын мүлік электрон сауда алаңы порталында сатылымға шығарылды.


ҚТЖ-ның еншілес компаниясы 482,3 миллион теңге болатын пәтерді аукционға шығарды

ERNUR.KZ. "Қазақстан темір жолы" компаниясының еншілес кәсіпорны KTZ Express акционерлік қоғамы Астанадағы элиталық тұрғын үй кешендерінің біріндегі пәтерді аукционға қойды, деп жазады tengrinews.kz.

Жылжымайтын мүлік электрон сауда алаңы порталында сатылымға шығарылды. Пәтер Шарль де Голль көшесіндегі элиталық тұрғын үй кешенінде орналасқан. Жалпы ауданы - 159,3 шаршы метр. Бастапқы бағасы - 482,3 миллион теңге, ең төменгі бағасы - 160,8 миллион теңге. Бұл ретте сатып алушы 24,2 миллион теңге көлемінде кепілдік жарнаны енгізуге тиіс.

Меншік сипаттамасында үш бөлмелі пәтерде ешқандай жөндеу жұмысы немесе жиһаз жоқ деп жазылған. Дегенмен, жарияланған суреттерде пәтерде жөндеу жұмыстары жүргізілгені, бірақ ескі екені көрінеді.

Аукцион 9 қарашаға жоспарланған болатын, алайда, деректерге сәйкес, ол өтпеген, себебі "аукцион басталған кезде сату объектісі бойынша аукцион залында бірде-бір қатысушы тіркелмеген немесе бастапқы бағаны аукцион залына қатысушылардың ешқайсысы растаған жоқ".

Астана бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мәліметіне сәйкес, бұл пәтердің иесі шынымен де KTZ Express акционерлік қоғамы болып табылады. Меншік нысаны – жеке.

Ұлттық компанияның (100 пайыздық үлесі бар) еншілес компаниясы неге жеке тұрғын үйге иелік ететіні белгісіз. Tengrinews.kz мәліметтерді анықтау үшін ҚТЖ-ға сауал жолдады.