"ҚТЖ-Жүк тасымалы" локомотивтің жолдан шығып кету фактілерін жасырған

0
1 681

Сот шешімі заңды күшіне енді.


ERNUR.KZ. "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС қозғалыс қауіпсіздігін бұзу фактілерін жасырған, деп жазады sputnik.kz.

2020-2023 жылдар аралығында магистральдық теміржол желісінде болған қозғалыс қауіпсіздігін бұзудың 4 жағдайы есепке алынбағаны анықталды. Оның ішінде локомотивтің жолдан шығып кету фактісі де бар. Олар тиісті түрде тексерілмеген.
Осы факті бойынша прокуратура "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС атына заңбұзушылықтарды, оларды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ кінәлі адамдарды жауапқа тарту жөнінде шаралар қабылдау туралы ұсыным енгізді.
"Мұндай жағдайды түзетудің және оларға жол бермеудің орнына "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС бас директорының міндетін атқарушы М.Көкрекбаев "Прокуратура туралы" Конституциялық заңның 36-бабына сәйкес келмейтін хатпен жауап беруді жөн көрген", - делінген хабарламада.
Атап айтқанда, Көкрекбаев прокурордың ұсынуы бойынша шаралар қабылдамаған: локомотивтің жолдан шығып кеткені "оқиға" ретінде сараланбаған, жылжымалы құрамның арнайы сигналдарының іске қосылуының 3 жағдайы (жылжымалы құрам бөлшектерінің теміржолға құлауы) қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуы ретінде есепке алынбаған.
Осыған байланысты көлік прокуратурасы "прокурордың ұсынуы бойынша шаралар қолданбау" туралы әкімшілік іс қозғады. Сот Көкрекбаевты кінәлі деп танып, әкімшілік айыппұл салды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.