Көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қаражат толық бөлінген.
Еске сала кетсек елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба іске қосылған болатын. Бұл жобаның негізгі мақсаты – базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ, көліктік байланысты қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру. Нәтижесінде, қалалар мен аймақтардың жалпы өңірлік өнімін жыл сайын 3,9 %-ға және транзиттік жүк легін 22,7-ден 30 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Сонымен қатар, ДЭФ Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингіндегі Қазақстанның позициясын «Инфрақұрылым» көрсеткіші бойынша 62-ден 49-ыншы, Дүниежүзілік банк рейтингіндегі «Логистика тиімділігі» көрсеткішін 71-ден 50-інші орынға көтеру, оған қоса, 491,1 мың жұмыс орнын, оның ішінде 15,7 мың тұрақты және 475,4 мың уақытша жұмыс орнын құру жоспарланған.
Сондай-ақ, жобаны іске асыру арқылы урбандалу деңгейін, агломерациялар мен облыс орталықтарындағы халық санын ұлғайту, ауылдық елді мекендерді денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік сала бойынша қамтамасыз ету, барлық қаржыландыру көздері есебінен 236,7 мың отбасының тұрғынүй жағдайын жақсарту, қалалар мен ауылдардағы сумен жабдықтау қызметтерін 100 %-дық көрсеткішке жеткізу, қоныс аударушылар мен қандастардың жұмыспен қамтылу деңгейін,оның ішінде кәсіпкерлік бастаманы дамыта отырып, 79%-дан 87 %-ға дейін арттыру көзделген. Жалпы, Ұлттық жобаны іске асыру үшін ел қазынасынан 2021–2025 жылдарға 7 567 408 245,0 мың теңге қарастырылған. Осы орайда еліміздің әр аймағында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның ішінде Павлодар облысы да бар.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде Павлодар облысы әкімдігі 2025 жылға дейін 10 көрсеткішті іске асыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Тиісінше, 2022 жылы 43 млрд. теңге қаржыға 167 іс-шараны іске асыру жоспарланған. Атап өтсек, «Моно және шағын қалаларда инженерлік және көлік инфрақұрылымының тозуын төмендету» бағыты бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, жыл басында облыстағы аталған көрсеткіш 63 пайызды құраған. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін бұл кемшілік 58,9 пайызға дейін төмендемек. Ол үшін биыл облыс аумағында бюджеттен бөлінген 5,3 млрд. теңгеге 8 жоба іске асырылады.
Олар: 6 шақырым ауызсу жүйесін жүргізу, 10,7 шақырым су бұру және 1 шақырым жылумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту жұмыстары. Аталған жұмыстарға бюджеттен 5,3 млн. теңге бөлінген. Бүгінге дейін 5,2 шақырым сумен жабдықтау, 14 шақырым су бұру және 0,6 шақырым жылумен жабдықтау желілері қайта жаңғыртылып үлгерген.
Ал, «Жаңғыртылған тіректі және спутниктік ауылдық елді мекендер саны» көрсеткіші бойынша ұлттық жоба аясында облыстағы 24 ауылды жаңғырту көзделген. Тиісінше, биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша 16 мыңға жуық халқы бар 24 ауылда 6,2 млрд. теңге (РБ – 5,2 млрд. теңге, ЖБ – 1,0 млрд. теңге) қаржыға 82 жоба іске асырылып жатыр. Атап өтсек, 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 1 көпфункционалды спорт алаңын салу, мәдениет үйін салу және 11 мәдениет нысанын жөндеу, 10 мектепке және 3 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізу, 85 шақырым кентішілік жолдарды асфальттау, ұзындығы 13,4 шақырымды құрайтын 2 ауылдың көше жарығын орнату жұмыстары атқарылуда.
Павлодар облысында «Тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несиелер алған мамандар саны» көрсеткіші бойынша да біршама нәтиже бар. Мәселен, 2022 жылдың басынан бері әлеуметтік қолдау шараларын көрсету мақсатында 261 маманға 1,2 млрд. теңге және көтерме жәрдемақыға 136 млн. теңге қарастырылған. Алғашқы 7 айдың қорытындысы бойынша 534,4 млн. теңге шамасында 120 бюджеттік несие және 349 маманға 107,5 млн. теңге көтерме жәрдемақы берілген.
Сондай-ақ, «Өңіраралық еңбек ұтқырлығы (Оңтүстік-Солтүстік) шеңберінде қоныс аударушылар саны» көрсеткіші бойынша биыл облыстың еңбек ресурстарының ұтқырлығы шеңберінде 2 800 адам (700 отбасы) көлемінде квота бөлінген. Тиісінше, Павлодарға еліміздің жұмыс күші артық өңірлерінен 1136 адам (239 отбасы) қоныс аударған. Еңбекке жарамды 536 адамның ішінен 369 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Қоныс аударушылардың 64 пайызы ауылдық жерлерде, оның 17 пайызы аудан орталықтарында, қалған 36 пайызы қалаларында тұрып жатыр. Жалпы, бұл жоспардың орындалу көрсеткіші 41 пайызды құрап отыр.
Айта кетсек, өңірге еңбек күшін көшіру еліміздің барлық жұмыс күші артық өңірлерінен жүзеге асырылған (Алматыдан – 315 адам, Түркістан облысынан – 395 адам, Жамбыл облысынан – 107 адам, Қызылорда облысынан – 75 адам, Маңғыстаудан – 20 адам, Нұр-Сұлтаннан – 88, Алматыдан – 31 және Шымкент қаласынан – 105 адам қоныс аударған). Тағы бір айта кетерлгі – өңірдегі кадр тапшылығына сәйкес, облысқа білім беру, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау саласының мамандары көбірек келген. Тамыз айында өңірлік квотаға тағы да қосымша 104 адам енгізілді.
Жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аудару бойынша жұмыстар 2022 жылдың ақпан айында басталған. Сол уақыттан бері Павлодар облысының делегациясы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен Түркістан, Алматы, Қызылорда және Маңғыстау облыстарына, сондай-ақ, Алматы, Шымкент қалаларына барған.
Павлодар облысына ел аймақтарынан бөлек, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей мен Қытай халық республикасынан 121 қандас көшіп келіп, 22 отбасы өңірлік квотаға енгізілген. Олар облыс қалаларына, сондай-ақ, Аққулы, Шарбақты, Тереңкөл, Железин және Успен ауылдарына қоныстанған. Еңбекке жарамды 68 қандастың 38-і тұрақты жұмыспен қамтылған. Одан бөлек, өңірлік квотаға енгізілгендердің барлығына көшуге, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтердің ақысын төлеуге арналған субсидиялар уақытылы төленген.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы қала халқының 95 пайызы немесе 501,8 мың адам сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізе алған. Дегенмен облыс әкімдігінің баспасөз қызметі: «Есептеудің бұл әдістемесі сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізудің нақты көрсеткіштерін көрсетпейді деп ойлаймыз. Себебі, облыс қалаларында барлық учаскелер мен шағын аудандар бойынша жалпы ұзындығы 1 119,1 шақырым магистральдық және орамдық желілер толық көлемде салынды. Бұл халықты сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз етуге сәйкес келеді», - деп мәлімдеді.
Жалпы, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының Павлодар облысының дамуына тигізіп жатқан пайдасы мол. Бұл мемлекет басшысы ұстанған "тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру" саясатына сай келеді.