«Құлдықта болуы мүмкін»: Мәскеуге жұмысқа кеткен алматылық із-түссіз жоғалып кетті

0
1 366

Соңғы рет былтыр қазан айында тоналдым деп қана қысқаша ақпарат беріпті


«Құлдықта болуы мүмкін»: Мәскеуге жұмысқа кеткен алматылық із-түссіз жоғалып кетті

ERNUR.KZ. Алматы облысында Мәскеуге жұмыс істеуге кеткен жігіт жоғалып кетті. Артында аңырап қалған анасы ұлым құлдыққа түсіп қалды ма алаңдап отыр. Ал, Еңбекшіқазақ ауылынан Ресейге бірге кеткен жігіттер Жүністің жоғалғанын жеткізгенмен, себеп салдарын түсіндіріп бере алмаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кенже ұлы Жүнісін жоғалтып, жүдеп-жадап жүрген Сағымхан апа Алматы облысындағы Ащысай ауылының тұрғыны. Қартайғанда қайғыда қалдым деген қарт ана ұлының шетел асам дегеніне қарсы болғанын айтады. Алайда, ауылда жұмыссыз жүргенше нәпақаны сырттан табамын деп кеткен жігіт енді ұшты-күйлі жоқ. Әңгімелерінің бірінде Мәскеудегі «Қазан» вокзалында қара жұмысқа тұрғанын хабарлапты.

«Бәлен жерде бақыр бар, барсаң бақыр тұрмақ қолжаулық та жоқ деп, жерің тұрғанда, елің тұрғанда Ресейде әкеңнің басы бар ма дедім? Бірақ жете алмай қалдым, кетіп қалды. Енді қандай күйде қалды? Қалай өмір сүріп жүр? Құл болып кетті ме біреуге, жоқ әлде өліп қалды ма? Соны біле алмай құса болып жүрмін», - деп жылады ұлын жоғалтқан Сағымхан Кенжемолдақызы.

Жұрттағы ағайындарына жағдайының жақсы екенін 7 ай бойы айтып тұрған Жүніс Күнболатов өткен жылдың қыркүйегінде ауылдастарымен бірге кері қайтпай, Мәскеуде қалып қойған. Ал, соңғы рет былтыр қазан айында тоналдым деп қана қысқаша ақпарат беріпті. Содан бері із-түссіз кеткен жігіттің жоғалғаны жайлы туыстары құзырлы органдарға арыз жазған.

«Ресейге жұмысқа оны көрші ауылдың жігіттері ертіп апарған. Арызда ол туралы жазғанбыз. Бірақ, әліге дейін тергеу жүргізілген жоқ. Іздеу шаралары да нәтиже беріп жатқан жоқ. Қайта-қайта арызданамыз, бірақ еш өзгеріс болмай жатыр», - дейді заңгер Аркен Кенжемолдаев.