Құрттаған күріш, іріген сүт: Әлеуметтік көмектің сиқына ашуланғандар жанайқайын жеткізді

0
3 308

Жылдың соңында кепілдендірілген әлеуметтік пакетке бірақатар өзгерістер енгізілуі мүмкін. Еңбек министрлігі мұндай проблемалар бар екенін жоққа шығармайды.


Құрттаған күріш, іріген сүт: Әлеуметтік көмектің сиқына ашуланғандар жанайқайын жеткізді

Кепілдендірілген әлеуметтік пакет алып жүрген жандар азық- түліктің сапасына көңілі толмайтынын айтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Қызылордалық Меруерт Айтимова атаулы әлеуметтік көмек алып жүргендердің қатарында. Екі баласына тұрақты түрде азық-түлік себетімен қамтамасыз етіледі. Алайда, көмектің бұл түріне көңілі толмайды. Себебі, әлеуметтік қораптың ішіндегі күріш, ботқалар, өзге де тауарлардың сапасы сын көтермейді. Ал соңғы келген күріштің ішінен тіпті құрт шыққан.

"Өздеріңізге көрсеткендей күріштің тең жартысы құрт. Берілген заттар құнарсыз. Оны бала жемейді. Жазбаша түрде ұсыныс тастадық, ауызша да айтып жатырмыз, соц-пакеттің құрамын ауыстарса, біз өзіміз барамыз ғой қол қоюға, аяқасты болып жатады", - дейді қала тұрғыны Меруерт Айтимова.

Сақтау мерзімі өтіп кеткен ботқалар, тышқан жеп кеткен қораптар, ашыған сүт. Өзге өңір тұрғындары да себеттің ішіндегі тауарлар жеуге жарамсыз екенін айтып шағымдануда. Тіпті жарамсыздарын малы бар үйлерге беріп құтыламыз дейді.

"Өңкей бала жемейтін, адам жемейтін қайдағы фасоль, гречка берген. Күріштің ең ұсағын берді. Жемейтін болған соңғы тауық ұстайтындарға беріп жібердік!" - дейді азық-түлік себетін алатындар.

Еңбек министрлігі мұндай проблемалар бар екенін жоққа шығармайды. Дегенмен, жарамсыз тауарларды көрген жағдайда жұмыспен қамту орталығына апарып, алмастырып алу керек. Ең болмаса 1411 телефон нөміріне хабарласып, түсіндірген дұрыс дейді.

«Әрине ондай проблемалар болуы мүмкін. Негізі жергілікті атқарушы орг, жұмыспен қамту орталықтар айналсады. АСП алушы 1411 хабарласуға болады, тікелей жұмыспен қамту орталығына хабараласа алады. Олар проблеманы шешуге міндетті. Өнім білдірушілерден болып отыр», дейді Әлеуметтік көмек саясатының дамыту департаментінің бас сарапшысы Нұрсәуле Елеуова.

Қоғам белсендісі Баян Исмаилова азық-түлік себетіне қатысты қордаланып қалған мәселе жеткілікті. Сондықтан министрлік көмек алушыларға қораппен бергеннен гөрі, өздеріне таңдау мүмкіндігін берсе деген пікірде. Солардың бірі әлеуметтік карта.

"Именно манкадан құрт шығып тұр, сүттері іріп жатыр. Көңілінен шығып жатқан жоқ, керек тамағын ала алмайды. Керек нәрселері жоқ, картошка, морковь, бәрі одно и тоже" - дейді қоғам белсендісі Баян Исмаилова.

Одан бөлек үш айдан бері азық-түлік себетіне қол жеткізе алмай жатқандар жетерлік. Осылайша, министрлік наурыз айының соңына дейін әлеуметтік қорап барлық отбасыға жеткізілетінін мәлімдеді.

«АСП алушыларға кепілдендірлген әлеуметтік пакет беріліп жатыр. Қаңтар-ақпан айлары үшін, барлық өңірлерге толық таратылады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес КӘП тоқсанына бір рет таратылады», - дейді Әлеуметтік көмек саясатының дамыту департаментінің бас сарапшысы Нұрсәуле Елеуова.

Белгілісі, жылдың соңында кепілдендірілген әлеуметтік пакетке бірақатар өзгерістер енгізілуі мүмкін. Атап айтқанда, көмек алушылар арнайы әлеуметтік портал арқылы азық-түлік түрін өзі таңдап, көңілінен шыққан тауарға қол жеткізе алады.