Қару-жарақпен қоқан-лоққы жасаған.
ERNUR.KZ. Алматыда техника қоймасына үш адам қарақшылық шабуыл жасады. Күдіктілер Жамбыл облысынан ұсталды, деп жазады nur.kz.
Үш ер адам қоймада жалғыз болған күзетшіні ұрып-соққан. Сонымен қатар, қару-жарақпен қоқан-лоққы жасап, компьютерлік техниканы, ірі сомадағы видеокарталарды тартып алып, із-түзсіз жоғалып кеткені белгілі болды. Қылмысты ашу мақсатында жедел-іздестіру тобы құрылды. Оның құрамына аудандық деңгейден де, қаланың криминалдық полициясынан да жедел уәкілдер кірген. Нәтижесінде күдіктілер Шу қаласында ұсталды. Олар сол жерден пойызбен Нұр-Сұлтан қаласына кетпек болған.
"Олжаның бір бөлігі өздерімен болды, негізгі бөлігі жүк тасымалы арқылы елордаға жөнелтілген. Тауарлар тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Процессуальдық әрекеттерден кейін видеокарталар иесіне қайтарылатын болады", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, ұсталғандар Нұр-Сұлтан қаласының тумалары. Барлығы қамауға алынған. Тәртіп сақшылары күдіктілердің бірі бұған дейін аталған компанияда жұмыс істегенін жеткізді.