Сенат төрағасы Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қайта қарау керек екенін айтты
ERNUR.KZ. Сенат төрағасы Дариға Назарбаева мәслихаттар мен тексеру комиссияларына қырыққабат өніміне қатысты мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырды, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Спикер төтенше жағдай кезінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту стратегиясына ерекше көңіл бөлу қажет екенін атап өтті.
"Жер жыртып, мал өсіріп отырған ірі, орта және шағын бизнес азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Жыл басында өткен парламенттік тыңдауда агроөнеркәсіп секторына жасалған талдау осы салада проблеманың көп екенін көрсетті. Бұрынғы проблемаларға енді төтенше жағдай кезіндегі мәселелер қосылды. Бұл Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қайта қарау керек екеніне тағы да көзімізді жеткізіп отыр", - деді Назарбаева сенат отырысында.
Осы орайда сенат төрағасы Түркістан облысында қырыққабат өніміне байланысты қалыптасқан жағдайға тоқталды.
"Бүкіл әлем көптеген елде аштық болуы ықтималдығы жоғары екенін талқылап жатқанда, біз жиналған өнімді не істерімізді білмей отырмыз. Бұл жағдайды мәслихаттар мен тексеру комиссиялары қатаң бақылауға алу қажет деп есептеймін. Мәслихат депутаттарына өтініш – мемлекеттік және жеке сақтау орындары мен қоймаларға инвентаризация жүргізу қажет", - деді ол.
Назарбаева әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация арқылы бос алаңдарды жалға алып, ерте пісетін көкөністі сол жерге жинап, кейін сауда орындарына таратуға болатынын айтты.
"Сауда желілеріне азық-түлік нарығын тұрақтандыру үшін жуырда өтеусіз негізде қомақты қаржы берілді. Олар қалай жұмсалып жатыр? Жиналған өніммен жұмыс жасау мүмкіндігі кеңейді ме? Бұл жерде де мәслихат депутаттары мен тексеру комиссиялары бақылауға алу қажет мәселелер бар деп есептеймін. Қаржы кімге, қандай шарттармен берілуде, қандай тауарлар, қанша көлемде сатып алынуда, кімнен және қандай бағамен. Бұл жәй әңгіме, бос сұрақ емес. Бұл азық-түлік қауіпсіздігі мен адам өміріне қатысты мәселе", - деді спикер.
Сонымен қатар, облыстар астық өнімдері мен оны сатып алу бағасының болжамын тағы бір рет бағалау қажет. Назарбаеваның айтуынша, бұл мәселемен дәл қазір айналыспаса, астық жинау науқаны кезінде бұған уақыт болмайды.
"Фермерлердің еңбегін зая кетіруге біздің құқығымыз жоқ. Оларға мемлекеттің көмегі қажет, оны осы айдың тәжірибесі көрсетті. Көмекті ішкі нарық қажеттілігіне, сондай-ақ қайта өңдеу мен экспорт мүмкіндіктеріне қарай көрсету керек", деді төраға.
Бұған дейін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев биыл өңірде 250 мың тонна қырыққабат өсірілгенін, бірақ карантинге байланысты өнім босқа шіріп жатқанын айтып, үкіметтен көмек сұраған болатын.