Қысқы Паралимпиада-2022: Қазақстан медальдар кестесінде 18-орынға жайғасты

0
2 058

Қазақстандық спортшы Александр Герлиц парабиатлоннан 10 шақырымға түрегеп сырғанауда мәре сызығын үшінші болып қиды.


Қысқы Паралимпиада-2022: Қазақстан медальдар кестесінде 18-орынға жайғасты

ERNUR.KZ. 2022 жылғы XIII қысқы Паралимпиада ойындарында Қазақстан медальдар кестесінде 18-орынға жайғасты, деп жазады ҚазАқпарат.

Еске салсақ, бүгін қазақстандық спортшы Александр Герлиц парабиатлоннан 10 шақырымға түрегеп сырғанауда мәре сызығын үшінші болып қиды. Осылайша еліміздің атынан биылғы бәсекеде алғашқы жүлдеге қол жеткізді.

Бәсекеде алтын медаль канадалық Марк Арендзге бұйырса, күміс жүлдені украиналық Григорий Вовчинский алды.

Қазірге дейін медальдар кестесінде барлығы 19 мемлекет орналасқан. Олардың қатарында Қазақстан 18-орын еншіледі.

Медальдар кестесінде Қытай 26 медальмен (8 алтын, 8 күміс, 10 қола) көш басында тұр. Одан кейін Украина 13 (5 алтын, 5 күміс, 3 қола), Канада 13 (5 алтын, 2 күміс, 6 қола) медальмен үздік үштікте келеді.

Жалпы алғанда жүлдеге қол іліккендер қатарында Жапония, Франция, Словакия, АҚШ, Норвегия, Германия, Австрия, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Италия, Финляндия, Швеция, Нидерланды, Австралия және Швейцария бар.

Қысқы Паралимпиада 4 және 13 наурыз аралығында өткізіледі. Онда әлемнің 50 мемлекетінен келген 700-ге тарта спортшы бақ сынауда.

Еске салсақ, XIII қысқы Паралимпиада ойындарында Қазақстан атынан Сергей Усольцев, Александр Герлиц, Ербол Хамитов, Денис Петренко мен Юрий Березин ел намысын қорғайды.

Енді қазақстандық спортшылар 11, 12, 13 наурыз күндері айтулы аламанда бақ сынайды.