Қазіргі кезде Қытайда 11 мың 700-ге жуық (Қазақстаннан) студент білім алуда.
ERNUR.KZ. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов Қытайдағы жоғары оқу орындарында оқып жүрген Қазақстанның студенттеріне демалыс мерзімін ұзарту шаралары пысықталып жатқанын айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қазіргі кезде Қытайда 11 мың 700-ге жуық (Қазақстаннан) студент білім алуда. Олардың көбісі бүгінде Қазақстан аумағында. Нақты Ухан туралы айтатын болсақ, бұл қалада 400 студент оқып жүр. Соның ішінде 98-і сол қалада, яғни олар оқу орнының кампусында. Бұл нысан қаланың орталығынан біршама алшақтау жерде. Білім және ғылым министрлігі олармен тұрақты байланыста. Күн сайын студенттермен байланысқа шығып тұрамыз», - деді М. Дәуленов Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, кейбір студенттер елге оралатындарын айтқан. Осы орайда дипломатиялық арналар бойынша Қытай үкіметіне қазақстандық студенттерді шығару бойынша хат жолданды.
«Әзірге, ҚХР тарапы ешбір мемлекетке мұндай келісімді бермеді. Ведомствоаралық топ жергілікті әуе компаниясымен тиісті бортты ұсыну мәселесін пысықтады. Денсаулық сақтау министрлігімен қажетті шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, бүгінде Қазақстан аумағындағы студенттердің Қытайдағы жоғары оқу орындарындағы демалыс мерзімін ұзарту шараларын қарастырудамыз. Себебі біздің студенттер Қытайға бара алмай отыр, ал бұл елде оқу орындарының жұмысы жалғасуда. Осы орайда оқу үлгеріміне қатысты академиялық мәселелер туындамас үшін ҚХР-дағы әріптестермен келіссөздер жүруде», - деп түсіндірді вице-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, қазіргі уақытта Премьер-Министр тапсырмасымен елімізде ведомстволық комиссия құрылды.
Жақында оның отырысы өтті. Бүгінде студенттерді эвакуациялау мәселесі пысықталуда.