Қытайдан жаяу шыққан марафоншы қазақ Астанаға жақындап қалды

0
549

Есбол Асқарұлы 2023 жылдың 1 мамыр күні өзінің туған жері, Шыңжаңның Манас ауданынан атажұртты бетке алып, Астанаға дейін жаяу марафонын бастаған еді.


Қытайдан жаяу шыққан марафоншы қазақ Астанаға жақындап қалды

ERNUR.KZ. Қытай Халық Республикасынан Қазақстан астанасына қарай жаяу шыққан марафоншы Есбол Асқарұлы елордаға жақындап қалды. Ол алдағы бірер күнде Астанада болады, деп жазады ҚазАқпарат.

Есбол Асқарұлы 2023 жылдың 1 мамыр күні өзінің туған жері, Шыңжаңның Манас ауданынан атажұртты бетке алып, Астанаға дейін жаяу марафонын бастаған еді. Марафоншы қазір 3 мың шақырымнан астам жолды артта қалдырып, арманын ақиқатқа айналдыруға жақындап қалды. Басты мақсаты – екі елдің достығын насихаттап, Астанаға алыстағы қандастардың ақ сәлемін жеткізу. Сонымен бірге Есбол Қазақстанның кең байтақ даласын, көрікті жерлерін елге таныстырғысы келеді. Тарихи орындарды естелікке суретке түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялауды өз оқырмандарына уәде еткен.

«Мен – әлемге тарыдай шашылған қаракөз қазақтың бір ұлымын. 2019 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Қытайға барған сапарында телеарнадан сұхбатын көрдім. Ол кісінің қазақ тілінде айтқан қандастар туралы сөзі мені қатты тебірентті. Сол кезде мен осы сапарды армандаған едім. 4 жыл дайындықтан кейін, марафонды бастаудың сәті түсті. Қазақ еліне өткелі ерекше әсердемін. Жолда адамдарың бәрі жақсы қарсы алып, шығарып салып жатыр. Қазақтың дәстүрімен қымыз, бауырсақ алып шығып, күтіп алады, шығарып салады. Бәрі көмектескісі келеді. Бұл менің жігеріме жігер қосып, арманыма қанат бітіргендей. Күніне 30-40 шақырым жол жүремін. Арқамдағы сөмкемда өзіме қажетті заттардың бәрі, кейде демалып, тынығатын кішкене шатырым да бар», - дейді Есбол Асқарұлы. Ол қазір Қарағанды облысының аумағында.

Есбол Асқарұлы 1997 жылы 1 мамыр күні Қытай Халық Республикасының Шыңжаң автономиясы Санжы аймағы, Манас ауданында туған. Ата-анасы ерте қайтыс болып, нағашы жұртының қолында ержетіпті.