Қытайлық инвестор қазақстандық жұмысшыларды сырттай жұмыстан шығарып жіберген

0
400

Қытайлық инвестордың қулық жасағанын мұнайшылар жаппай жұмыстан қысқарып қалғанда бір-ақ білген.


Қытайлық инвестор қазақстандық жұмысшыларды сырттай жұмыстан шығарып жіберген

Мұнайшылар тағы да бас көтерді. Бұл жолы Ақтөбеге вахталық әдіспен қатынап жұмыс істейтін Алматы облысының тұрғындары шағымдануда. Айтуларынша, «СИНОПЭК» атты қытайлық ірі корпорация 100-ге жуық жұмысшыны еш ескертусіз жұмыстан қысқартқанымен қоймай, бірнеше жыл алдап келген деп хабарлайды КТК телеарнасы.

«Қанша адамның денсаулығына зиян келгеніне қарамай, тек аз ақша ғана төлеп, жұмыстан шығарып жатыр. Аса ауыр, аса зиян болғандықтан, компания тарапынан бес пайыз төленеді, осыны кейбір жұмысшыларға төлемей келген. Оны жұмысшылар байқамаған, оны шығарылып жатқанда біліп жатыр», - дейді Ернар Қажыбай есімді жұмысшы.
Қытайлық инвестордың қулық жасағанын мұнайшылар жаппай жұмыстан қысқарып қалғанда бір-ақ білген. Алданған жұмысшылардың алды 5-6 жыл еңбек демалысына шықпай істеген. Табысы миллиардтап саналатын мұнай корпорациясы ол заңды ақшасын төлемей қойыпты. Маңдай тер ақысын даулаған жігіттер қытайлық инвестормен кездесуге Алматыдағы бас кеңсесіне келген. Алайда, жұмыс беруші жағдайды түсіндірмек түгілі, табалдырықтан аттатқан да жоқ. Компанияның Ақтөбедегі филиалы да қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. Дегенмен жұмысшылардың ақысын жегендер жауапсыз қалмайды. 60-қа жуық мұнайшы заң орындарына шағымданып, қытайлық инвесторға қатысты тексеріс жүріп жатыр.
«Жұмыстан босатқаны заңды ма, заңсыз ба, сосын екінші сұрақ, бізге төлеген төлемдер көлемі аз болды, толық емес дейді. Сол екі сұрақты анықтау үшін біз ол мекемеде тексеріс жүргіземіз, жоспардан тыс. Жалақысы дұрыс төленбеген болса, айыппұл болуы мүмкін», - дейді Ақтөбе облысы бойынша еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Талғат Есқарин.