Қызылағаш су қоймасы қайта қалпына келтірілді

0
823

2010 жылдың наурыз айында көктемгі су тасқыны мен сел тасқындары өту кезінде су қабылдағышы бар су қоймасы толығымен бұзылған болатын.


Қызылағаш су қоймасы қайта қалпына келтірілді

ERNUR.KZ. Алматы облысындағы қайта жаңғыртудан өткен Қызылағаш су қоймасының ашылуына ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов арнайы келіп қатысты, деп жазады baq.kz.

Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылдың наурыз айында көктемгі су тасқыны мен сел тасқындары өту кезінде су қабылдағышы бар су қоймасы толығымен бұзылған болатын. Тек ұзындығы 263 М тоннельдік су шығару ғана сақталған.

Қалпына келтіру жұмыстары 2016 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы жоба бойынша бас мердігер - "Қазсушар" РМК Алматы филиалы. Техникалық қадағалауды "Stroyинжиниринг" ЖШС, авторлық қадағалауды - "Казгипроводхоз Институты "ӨК жүргізеді. Жоба құны-5,6 млрд теңге.

2010 жылдан кейін су қойманың жағдайы қиын болды. Бүгін су қойма апатты жағдайдан кейін толық қайта қалпына келтірілді. Су қойманың сыйымдылығы 42,65 млн текше метр. Биыл мұнда 30 млн текше метр су жинап көрдік. Қазір одан аз, көктемде сол 30 млн-ға дейін су жинаймыз. Су қойма автоматтандырылған, шамадан тыс көбейіп немесе басқа жағдай болғанда белгі береді,-деді Қожаниязов.

Сонымен қатар ол апатты жағдайға дейін бұл су қоймадан 1400 гектар суармалы жер су алып тұрғанын жеткізді.

Апатты жағдайдан кейін шаруалар Қызылағаш өзенінен су алып тұрды. Су тұрақты болмағандықтан шаруалар қиналып қалған кездер болды. Биыл оларды сумен тұрақты қамтимыз. 42 млн текше метр су жинағанда 5300 гектар жерді сумен қамтуға болады, -деді вице-министр.

Су қоймада бөгет қалпына келтіріліп, тоннельдік су жіберілді, апатты су қашыртқысын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Су жинағыш гидроторап салынды. Гидроторап пен бөгетті автоматтандыру және бейнебақылау жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, диспетчер бөлмесі бар екі пәтерлі үш тұрғын үйдің, жасанды құрылыстары бар эксплуатациялық жол салынған. Су жинағыш су торабы мен бөгетті электрмен жабдықтау жүргізілді, су торабы мен бөгетті сумен жабдықтау және кәріз жүйесі қамтамасыз етілген.