Туыстары оны көлік қағып, қорыққанынан басқа жаққа апарып тығуы немесе лақтырып кетуі мүмкін деп болжайды.
ERNUR.KZ. Қызылордадағы 72 жастағы кәсіпкер жұмбақ жағдайда жоғалып кетті. 10 күн бойына ол табылмай жатыр, деп жазады zakon.kz.
Тынымбай Баженовтің жеке жиһаз компаниясы бар. Ол күнделікті әдетімен таңғы бесте серуендеуге шыққан. Бұл - Сырдария жағасындағы бейнебақылау таспасына түскен оның соңғы бейнесі. Туыстары ақсақал әдетте серуенге шыққанда ешқайда аялдамай, кері оралатынын әрі үйден телефонсыз шықпайтынын айтады. Бірақ жоғалған күні ол қандай да бір себептермен ұялы телефонын тастап кетіпті.
Сол күні ол кісі үйден ешқандай құжатсыз, телефонсыз, ақшасыз шыққан. Біз полицияның, әскери қызметкерлердің, кинологтардың, волонтерлердің көмегімен осы аймақтың бәрін шарлап шықтық. Біз нақты ақпарат берген кез-келген адамға сыйақы береміз, - дейді кәсіпкердің туысы.
Баженовтар отбасы жоғалған қарияның денсаулығы мықты екенін айтады. Бизнес немесе қандай да бір қоқан-лоқы туралы айтқан емес. Ақсақалдың туыстары оны көлік қағып, қорыққанынан басқа жаққа апарып тығуы немесе лақтырып кетуі мүмкін деп болжайды. Туыстары, таныстары, волонтерлер, полиция, құтқарушылар - бәрі де жоғалған адамды іздеуге жұмылдырылған. Тіпті, сүңгуірлер Сырдария түбін тексеріп те көріпті.
Халыққа қызмет көрсету орталығы мен Арай мөлтек ауданы маңындағы Сырдария өзенінде 12 сағаттық су асты жұмыстары жүргізілді, бірақ ол жерден ештеңе табылмады. Сырдария өзені Талсуат ауылына дейінгі аралығында бүтіндей іздеу-құтқару жұмыстары күнде жүргізіліп жатыр, деп хабарлады төтенше жағдайлар департаментіндегілер.