Қызылордада он күн бұрын жоғалып кеткен жасөспірім қыз табылды

0
1 760

Балалар үйінің тәрбиеленушісі аман-есен Алматыдан табылды.


Қызылордада он күн бұрын жоғалып кеткен жасөспірім қыз табылды

ERNUR.KZ. Қызылордада он күннен бері іздеуде жүрген жасөспірім қыз Алматыдан табылды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің, Алматы қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері және еріктілер қозғалысы жүргізген іздестіру шараларының нәтижесінде, жоғалған Нұғманова Ділдә Мұсабекқызы Алматы қаласынан 3 сәуір күні сағат 22:30 шамасында табылды.

«Нұғманова Ділдә Әуезов аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта жасөспірімді Кәмелетке толмағандарды оңалту орталығына орналастыру мәселесі шешілуде. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтауда», - делінген хабардамада.

Еске салсақ, 25 наурызда Қызылорда қаласындағы отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар ауылының үш тәрбиеленушісі түнгі уақыт 02.00 шамасында шығып кетіп, содан қайта оралмаған.

Арада үш күн өткенде олардың екеуі Алматыдан табылды. Олар қазір Қызылордадағы балалар ауылына қайта орналастырылды.

Ал үшінші жасөспірім қыз Ділдә Нұғманова сол күйінше хабарсыз кеткен болатын. Полиция өкілдері он күннен кейін бір-ақ табылған жасөспірімнің қазіргі уақытта жағдайы жақсы және сала мамандарының қасында екенін мәлімдеді.