Зауыт толық қуаттылығына шыққанда 226 жаңа жұмыс орны ашылады.
ERNUR.KZ. Қызылордада алдағы уақытта жұмысын бастайтын шыны зауыты өнімдерін шығаруда роботтар қолданылады, деп жазады ҚазАқпарат.
Зауыт толық қуаттылығына шыққанда 226 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал қосалқы өндірісте 300-ге жуық адам қызмет ететін болады. Жергілікті мамандарға басымдық беріліп, кәсіби түрде шыңдалмақ.
«Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыс тұрғындары табақша шыны зауытының күйдіру пешін іске қосу рәсіміне куә болды. Жоба аясында өңірге 42 млрд теңгеден аса инвестиция тартылған болатын. Жылына 197 мың тоннадан аса өнім шығаратын кәсіпорын – ел нарығын қамтамасыз етіп, шет мемлекеттерге экспортталады. Шыны зауытының іске қосылуымен шикізаттық емес секторды дамытып, ілеспе өндірістерді құруды көздеп отырмыз. Бүгінде инвесторлармен бірлесіп екі жобаны бастадық. Бұл – композиттік материалдар мен айна өндірісі. Атап өту қажет, тек 2020 жылдың қорытындысымен елге құны шамамен 65 млн АҚШ долларын құрайтын тұрмысқа қажетті шыныларды Қытай, Германия, Өзбекстан және Түркиядан импортталған. Біз зауыт өндірісінің іске қосылуымен капиталдың басқа елдерге жіберілуін тоқтатамыз және елді өзіміз әйнекпен қамтамасыз ететін боламыз», - деді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев.
«Orda Glass Ltd» серіктестігі мен қытайлық «China Triumph» компаниялары бірлесіп жүзеге асырылған шыны зауыты - индустрияландыру бағдарламасының негізгі жобасы. Шыны өндіру барысында 90 пайыз жергілікті шикізат өнімі қолданылмақ.
«Зауытта әлемнің жетекші елдері - АҚШ, Италия, Бельгия, Финляндия, Қытайда шығарылған замауи үлгідегі технологиялар қолданылады. Негізі зауыттан шығарылған өнімнің 70 пайызы ішкі нарықта пайдаланады. Ал 30 пайызы шет елге жөнелтіледі. Қазірдің өзінде Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Үндістаннан тапсырыстар түсуде. Тағы бір ерекшелігі, үлкен көлемді және ауыр салмақты шыны табақшаларын кесуге және тасымалдауға роботтар қолданылмақ. Жалпы 3 ай ішінде балқыту пеші 1600 градус температураға дейін қызып, тұрақты әрі үздіксіз газбен жабдықтауды талап етеді. Қазіргі кезде импортталып келген 1 тонна шыны 300-350 долларды құраса, біздің зауыттан шығатын өнімнің бағасы 200-250 доллардың көлемінде болады», - деді «Orda Glass Ltd» ЖШС басқарма төрағасы Ержан Сағынбаев.