Қызылордада үш жасөспірім қыз екі күннен бері табылмай жатыр

0
2 378

Жасөспірім қыздар 25 наурызда түнгі уақыт 02.00 шамасында белгісіз бағытқа шығып кетіп, содан қайта оралмаған.


Қызылордада үш жасөспірім қыз екі күннен бері табылмай жатыр

ERNUR.KZ. Қызылорда қаласындағы отбасы үлгісіндегі «Атамекен балалар ауылы» үйінде тәрбиеленіп жатқан үш жасөспірім қыз екі күннен бері табылмай жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.

Қызылорда қалалық полиция басқармасының мәліметінше, 15-16 жастағы үш жасөспірім — Ділда Мұсабекқызы Нұгманова, Любовь Несторова және Рано Сабанкулова Қызылорда қаласындағы «отбасы үлгісіндегі Атамекен балалар ауылында» тәрбиеленеді.

Жасөспірім қыздар 25 наурызда түнгі уақыт 02.00 шамасында белгісіз бағытқа шығып кетіп, содан қайта оралмаған. Қазіргі таңда қалалық полиция басқармасының жеке құрамы кәмелетке толмаған үш жасөспірімді іздеп табу мақсатында іздестіру жұмыстарын жүргізуде.

«Осы мақсатта облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің шатырлары, саяжайлар, тастанды үйлер мен құрылысы бітпеген ғимараттар, ойын-сауық орталықтары мен жалдамалы пәтерлер тексерілуде. Олардың фотосуреттері көрсетіліп, сұрастыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар облыстық полиция департаменті бастығының бақылауында. Үш жасөспірім қыз жөнінде қандай да бір ақпарат анықталған жағдайда Қызылорда қалалық Полиция басқармасының кезекші бөлімінің 29-75-20 телефонына немесе 102 арнасына шұғыл түрде хабарласуларыңызды сұраймыз», - деп мәлім етті Қызылорда қалалық полиция басқармасынан.

Бұдан бұрын Қызылордада таңғы сағат 6-да үйден шығып, жоғалып кеткен бес жасар бала табылған болатын.