Қызылордалық әйел алты ай тегін нан үлестіріп келген

0
1 618

Тұрмысы төмен ауылдастарына торт, пирог, тәтті тоқаштарын ұсынып отырған жас келін.


Қызылордалық әйел алты ай тегін нан үлестіріп келген

ERNUR.KZ. Жаңақорғаннан шалғай орналасқан Қосүйеңкі елді мекеніндегі «Аруназ тәттілері» наубайханасы алты ай бойына тұрмысы төмен сексен отбасына тегін нан үлестірді, деп жазады zhanaqorgan-tynysy.kz.

«Zhas Project» жобасымен бір миллион теңге грант ұтып алған «Аруназ тәттілері» наубайханасының жетекшісі Балжан Қараева кәсібін дөңгелентіп, ауылдастарына торт, пирог, тәтті тоқаштарын ұсынып отырған жас келін.

"Ауыл әкімдігіндегі Жастар ресурстық орталығынан «Zhas Project» жобасына «Аруназ тәттілері» бизнес жоспарымды ұсындым. Менің ұтқаным, Қосүйеңкідегі сексен отбасыға нан мен тәтті тоғаштарды алты ай көлемінде тегін таратуды ұсындым. Бастамама Қабылов Берік пен Құлтасов Тоқтар деген екі ауылдасым қосылды. Арнайы оқу курсынан өтіп, сертификат алдық. Алты ай перзенттік парызымызды адал атқардық.
Ораза кезінде, сауда жақсы жүрді. Мектептегі түрлі кездесулер, ас беру рәсімдеріне тапсырыстар көп түседі. Арасында торт, пирогтарды да тапсырыспен пісіреміз"
,– дейді Балжан Қараева.

Қызылорда облыстық Кәсіпкерлерді қолдау палатасының сарапшысы Әсел Алушаеваның айтуынша, Сыр өңірінде отызға дейінгі жастардың белсенділігі өте жоғары. Облыста өткен жылы «Бастау» бағдарламасы бойынша 405 адамға, биыл 820 адамға қайтарымсыз қаржы берілген. Яғни, қай жерде орналасқандығына қарамастан бизнес бастамасы озықтар грант ұтып алып, шағын кәсібін бастауға мүмкіндік алып отыр.