Бұл жаңа технология арқылы үй жағдайында жүрек ақауларын анықтауға болады.
ERNUR.KZ. Қызылордалық оқушылар Дәулет Райымбек пен Гүлдана Сәбитова ерекше электрокардиограф ойлап тапты. Бұл құрылғы арқылы жүрек ақауларын дер кезінде анықтап, асқынулардың алдын алуға болады, деп хабарлайды Хабар24.
Жалпы Қазақстанда 2 милиондай адамның жүрегінің мүкістігі бар екен. Олардың көбісі өз диагнозын өте кеш анықтаған. Осындай мәселені шешу үшін қызылордалық оқушылар мынадай құрылғы ойлап тапты. Бұл жаңа технология арқылы үй жағдайында жүрек ақауларын анықтауға болады.
Дәулет құрбысы Гүлданамен бірге жүрек соғысын зерттеп қана қоймай, болжамды диагнозы мен емдеу жолдарын бірден ұсынатын әмбебап құрылғы жасау үшін 1 жылдай ізденіпті. Кардиолог дәрігерлермен кеңесіп, электрокардиограф мамандарынан ақыл-кеңес сұраған.
- ЭКГ аппараты негізінен қиын аппарат деді басында бізге. Бірақ біз осы жолдарын түсіндіре отырып, қандай снимок шығарамыз, олардың графиктері қалай шығады, осы онлайн нұсқалары бар екенін түсіндірдік. Осыдан кейін біздің бір вариантымызды көрді. Міне жүрек жиілігі 60, міне мынадай график шықты деп көрсеткен кезде ол дұрыс деді, - дейді Дәулет Райымбек.
Қан қысымы немесе дене қызуы секілді жүрек соғу жиілігін де сәт сайын бақылап тұрудың артықтығы жоқ. Ең бастысы, диагнозды дер кезінде анықтап, асқынулардың алдын алуға болады. Тың технология жасауға білек түре кіріскендегі түпкі ойымыз осы талаптарға жауап беретін аппарат құрастыру болды,-дейді оқушыларды ғылымға баулып жүрген ұстазы.
- Егер де бұны үй жағдайында қолданатын болсақ, біріншіден өте тиімді, қымбат емес, үйдегі градусник секілді сіз үйге қосымша қойып қоя аласыз. Егер ауытқулар болса, ауытқудың мөлшерін есептеп және соған сәйкес сіздерге ұсыныс көрсетеді. Және сол ұсынысты ала отырып, сіз емханаға баруыңызға болады, дәрігермен кеңесуіңізге болады, соған сәйкес әрі қарай қадамдарыңызды жасай берсеңіз болады, - деді ғылыми жетекші Ербол Қайнарбаев.
Осылайша өнертапқыш өрендер тың ойларын іс жүзінде сынақтан өткізе бастады. Келесі жылы өтетін республикалық олимпиадаға дейін олар бұл құрылғыны одан әрі жетілдіре түспек. Яғни жүректі әлсірететін 30 түрлі ауру түрін дер кезінде анықтайтындай дәрежеге жеткізуді көздеп отыр.