Лаңкестік оқиғадан зардап шеккен полицейді жұмыстан шығарып жіберген

0
1 263

Ауруханадан шыққан бойда жұмыстан шығарып жіберген.


Лаңкестік оқиғадан зардап шеккен полицейді жұмыстан шығарып жіберген

фото видеодағы кадрден алынды

ERNUR.KZ. Содырлардың сойқаны кезінде жарақат алған ақтөбелік полицей керек болмай қалғанына өкінеді Содырлардың сойқаны кезінде жарақат алған ақтөбелік тәртіп сақшысы аймақтағы полиция департаментімен соттасып жүр. Әлібек Жетіғарин лаңкестік оқиғадан соң қызмет еткен мекемеме керек болмай қалдым дейді. Сержанттың оқ тиген оң қолы істемей, мүгедектік берілген. Сол бойда жұмыстан шығарылыпты. Қазір сот арқылы өтемақы талап етуде, деп хабарлайды ktk.kz.


25 жастағы Әлібек Жетіғарин екі жыл полиция құрамында қызмет еткен. Осыдан үш жыл бұрын содырлар қару сататын дүкенге шабуыл жасағанда, әріптесімен бірге ең бірінші сол жерге жетеді. Сержанттың іші мен оң жақ иығына оқ тиеді. Қазір үшінші топтағы мүгедек. Оң қолының саусақтары тартылып, жұмыс істемейді. Оның айтуынша, ауруханадан шыққан бойда жұмыстан шығарып жіберген.


"Өкпем қара қазандай. Қазір ешкімге керегім болмай қалды. Полиция құрамында одан әрі еңбек етіп, мансабым да көтерілер деп ойлағанмын. Бірақ олай болмады. Ашынасың, әрине" - дейді Әлібек Жетіғарин.

Қазір Әлібек отбасын мүгедектігіне алатын жәрдемақымен асырап отыр. Келіншегі екінші бөбегіне аяғы ауыр. Үш жыл бұрын Ақтөбедегі лаңкестік оқиғадан соң жарақат алған тәртіп сақшыларының барлығын мемлекеттік наградалармен марапаттаған болатын. Әлібек Жетіғариннің де кеудесіне «Ерлігі үшін» медалі тағылды. Тіпті биліктегілер баспана әперіп, барлық жағдайыңды жасаймыз деп уәде де берген.

Бірақ қазір ол қызмет еткен облыстық полиция департаментіндегілер сержанттың жұмыстан шығуына қатысты мәлімдеме жасауға да жарамай отыр. Әлібек Жетіғарин жұмыстан шығарған облыстық полиция департаментін сотқа берген. Олардан өтемақы ретінде үш миллион теңге талап етіпті. Бірақ қалалық соттағылар оның арызын тек жартылай қанағаттандырды.

"Жетіғариннің пайдасына 230 994 теңге көлемінде біржолғы өтемақы, 617 009 теңге жоғалған табыс сомасы, 500 мың теңге моральдік зиян есебінен өтемақы және 151 203 теңге сот шығындары өндірілді" - дейді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Анар Айтжанова.

Қазір Әлібек адвокатымен облыстық сотқа жүгінуді ойланып отыр. Ең басты арманы бұрынғы қызметіне қайта оралу. Бірақ лаңкестік оқиға кезінде ерлік көрсеткен Әлібекті, ондағылар керек қылмайтын сыңайлы.