Латын әліпбиіне Қостанайда кабинет ашты

0
2 453

2018 жылы осынау жобаны іске асыруға 19 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған.


 Латын әліпбиіне Қостанайда кабинет ашты

ERNUR.KZ. Қостанай облысында латын қарпіне негізделген қазақ тілін оқыту кабинеті ашылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгін «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығында латын әліпбиіне негізделген қазақ тілін оқыту кабинеті ашылды. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Меңдекинова латын әліпбиіне көшу жобасы бойынша 2017 жылдан бастап 6 мыңнан астам іс-шара өткізілгенін жеткізді.

«Ақпараттық-түсіндіру тобы 500 мыңнан астамды қамтыды. 2018 жылы осынау жобаны іске асыруға 19 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Соның ішінде ғылыми конференциялар, ашық сабақтар, семинарлар бар. Өткен жылғы Ұлттық комиссия мақұлдаған қазақ тілінің латынға негізделген емле-ережесін өңір тұрғындарына оқытып-үйрету мақсатында биыл 22 млн теңге бөлініп отыр», - деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, осы жылы облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қолдауымен аймақ бюджетінен орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтуға және жаңа кабинет жабдықтауға 7 млн теңге қаражат бөлінді. Енді бұл кабинетте қысқа мерзімді курстар оқыту жоспарланған. Әдіскер-оқытушылар 24 сағаттық қысқа мерзімді оқыту бағдарламасын әзірлеген.