Лениннен аумай қалған Абай ескерткіші: Степногор әкімі түсінік берді

0
2 383

Шаһар басшысының сөзінше, әлеуметтік желіде дауға іліккен бюстің орнатылғанына 40 жылға жуықтаған. Абайдың бюстіне дейін мектептің алдында ешқандай ескерткіш болмаған.


Лениннен аумай қалған Абай ескерткіші: Степногор әкімі түсінік берді

Степногорcк қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев №6 мектеп-гимназиясының алдында орнатылған қазақтың ұлы тұлғасы Абай Құнанбаевтың бюст-ескерткішіне байланысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде Степногорск қаласындағы №6 мектеп-гимназиясының аумағында тұрған Абай Құнанбаевтың бюст-ескерткішіне қатысты видео тараған болатын. Видео авторы А. Құнанбаевтың бюстін Ленинге ұқсатып, осыған жол берген адамдарды сынға алды. Оның айтуынша, мұның алдында бұл жерде Владимир Лениннің ескерткіші тұрған. Кейін басына тақия кигізіп, Абайға ұқсата салған. Автордың пікіріне желі қолданушылары қосылып, өздерінің наразылықтарын білдіруде.

Осыған байланысты қала әкімі Әнуар Күмпекеев түсінік берді. Шаһар басшысының сөзінше, әлеуметтік желіде дауға іліккен бюстің орнатылғанына 40 жылға жуықтаған. Абайдың бюстіне дейін мектептің алдында ешқандай ескерткіш болмаған.

«Степногорск қаласының №6 орта мектебі 1977 жылы ашылды. Оның ашылуы 31 тамызда өтті, ҚазСРО Халыққа білім беру министрлігінің шешімімен мектепке А.Құнанбаевтың есімі берілген. Мектеп екі корпустан (бастауыш және жоғары блок) тұрады, 2000 оқушыға есептелген. Екі жылдан кейін Алматы қаласында атақты жазушы және ақынға бюст құйылды. 1979 жылы қазан айында бюст Степногорск қаласына жеткізіліп, сәулетшілердің жоспарлауы бойынша №6 орта мектептің алдына орнатылған», - деп мәлім етті Әнуар Күмпекеев.