"Лотоклуб" дегендер саңырауқұлақша қаптады – Қоғамдық бақылау

0
774

Қоғамдық бақылау мониторингтік топ Лотоклубтарды тексерді.


ERNUR.KZ. Ақтөбеде Лотоклуб дегендер саңырауқұлақша қаптады. Бұлар - сол атауын өзгерткен баяғы ойынханалар, дейді Қоғамдық бақылаудың Ақтөбе облысы бойынша үйлестірушісі Бақтыхан Жанашева.


Қой терісін жамылған қасқырдай құмарпаздарды аңдиды. 24 сағат жұмыс істеп, қанша адамның тағдырын күйретіп жатыр. Тіпті карантинді елемеген. Ковид- пневмониядан қаншама халық баудай сұлап жатқанда жұмысын жалғастыра берген, - дейді ол.

15 қазан күні кешкі уақытта осы Лотоклубтардың біріне келген Қоғамдық бақылау мониторингтік топ, сол жердің атқарушы директоры Ольга есімді азаматшамен тілдесті. Ол санитарлық талаптардың сақталмағанына еш өкініп тұрмағанын білдірді.
Біз кіргенде іште бірнеше құмарпаздар автоматта ойнап тұрса да, бұл кәсіпкер біз онлайн лото клубпыз деп дес бермеді. Лоторея дегенді бүркеніп, сол құмар автоматтарымен ойнатады. Келіп тексере бересіңдер, бұған дейін айыппұл төледім, жетпей ме?, -деп өршеленді. Бір өзі төрт клубты иемденіп отыр. Табатын пайдасы көп болған соң, ескертпелерге назар аудармастан, айыппұл төлеп, ары қарай жұмысын жасай береді, - дейді Қоғамдық бақылаудың Ақтөбе облысы бойынша үйлестірушісі Бақтыхан Жанашева.

Бақтыхан Жанашева бұл әрекеттерге тосқауыл керектігін айтты.

Келесі бір клуб бейнекамера қойып қойған, сырттан келгендерге есік ашпайды. Өз ойынпаздарын ғана кіргізеді. Келген клиенттің есін кетіріп, бар ақшасын тартып алып, күн мен түнді айыра алмайтындай етіп жасаған бұл ғимараттың терезесі де жоқ. Құмардың соңы ішімдік, кек, нала, ыза, дұшпандыққа әкеліп, арты ауыр қылмыстарға ұласып, қоғамды қан қақсатып жатыр. Олай болса бұл сұмдыққа неге тойтарыс берілмейді?! Неге тайраңдатып қоямыз?!, - дейді Бақтыхан Жанашева.

Дереккөз: baq.kz.