​Мәдина Әбілқасымова өрттен көз жұмған балалардың ата-анасына барып көңіл айтты

0
8 977

«Біз, министрлік өкілдері қара жамылған отбасына барып, көңіл айттық. Кеше бардық. Министрдің (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Әбілқасымова) өзі де барды», - деді Светлана Жақыпова.


​Мәдина Әбілқасымова өрттен көз жұмған балалардың ата-анасына барып көңіл айтты

ERNUR.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова елордада өрттен қаза тапқан 5 баланың ата-анасына барып, көңіл айтты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысына кейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Біз, министрлік өкілдері қара жамылған отбасына барып, көңіл айттық. Кеше бардық. Министрдің (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Әбілқасымова) өзі де барды», - деді Светлана Жақыпова.

Айта кетелік, бүгінгі Үкімет отырысына министр қатысқан жоқ. Оның орнына Премьер-Министрдің алдында вице-министр Светлана Жақыпова есеп берген еді. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, министр М.Әбілқасымова өткен аптадан бері сырқаттануына байланысты ем алып жатыр.

БАҚ өкілдері вице-министрден «Көпбалалы отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау жеткілікті ме?» деп сұраған еді. Осыған орай, ол көпбалалы отбасыларды қолдау шаралары қайта қаралатынын айтты.

Сондай-ақ, жиыннан кейін тілшілер өрттен қаза тапқан балалардың ата-анасының неліктен түнгі кезекшілікте болғанын сұрады.

«Бұл олардың таңдауы», - деп жауап берді Светлана Жақыпова.

Еске сала кетейік, 4 ақпан күні түнде «Көктал-1» тұрғын үй алабында жеке үйдің ауласында тұрғызылған уақытша баспанадан өрт шықты. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылдары туған 5 қыз баланың денесі табылды. Олардың ең кенжесі небәрі 11 айлық сәби еді.

Қайғылы оқиға кезінде бес баланың ата-анасы түнгі жұмыста болған. Бүгін 5 баланы елордалықтар ақтық сапарға шығарып салды. Сондай-ақ, Елбасы өртте қаза болған балалардың отбасына көңіл айтты.