Мамин құрғақшылықтан зардап шеккен шаруашылықтарға көмектесуді тапсырды

0
349

Премьер-министр Маңғыстау, Бейнеу, Қарақия аудандарын жем-шөппен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.


Мамин құрғақшылықтан зардап шеккен шаруашылықтарға көмектесуді тапсырды

Премьер-министр Асқар Мамин жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды. Онда облыс әкімі Серікбай Трұмовтың мал шаруашылығы саласындағы ахуал және құрғақшылықтан зардап шеккен аудандарды азық-түлікпен қамтамасыз ету жөніндегі баяндамасын тыңдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Премьер-министрге Маңғыстау, Бейнеу, Қарақия аудандарын жем-шөппен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалды.

"Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай секілді көршілес облыстардан шөп жеткізу және өткізу жұмыстары жолға қойылған. "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ҰК" АҚ-мен жасалған келісімшарт аясында 1200 тоннадан аса арпа әкелінді, олар шаруаларға нарықтық бағадан төмен бағамен сатылды. Сондай-ақ, өңірде мал басын түгендеу бойынша арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр", - делінген хабарламада.

Шаруашылықтарды жем-шөппен қамтамасыз ету жөніндегі мәселелерді жедел шешу және мониторинг жасау жөніндегі республикалық штаб қорытындысы бойынша ҚР Үкіметі Маңғыстау облысында малдың аналық басына арналған азыққа жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге 1,9 миллиард теңге бөлді.

Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша шаруашылықтарға қолжетімді бағамен 114,7 мың тонна дайындалған шөпті сатып алу және жеткізу үшін тұрақтандыру қорын қалыптастыруға, сондай-ақ "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ҰК" АҚ арқылы көлемі 56,3 мың тонна жем-шөп (кебек) сатып алуға қосымша қажетті қаражат бөлінеді.

Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстауда малы қырылған шаруалар өңірге премьер-министрдің келуін талап еткен болатын. Төрт түлігінен айырылып жатқан жұрт еріктілерден өзге көмектесіп жатқан ешкім жоқ деп шағымданған еді.