Қазақстанда МӘМС-ке тіркелмегендерді жүйеге тартудың баламалы тетігін енгізу жоспарланып отыр.
«МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жүйесінде түзетуді талап ететін тұстары да жоқ емес. Соның бірі халықты МӘМС жүйесімен толық қамту мәселесі. Бүгінде 3 млн адам МӘМС жүйесінде тіркелмеген, яғни сақтандырылмаған. Біз өңірлерді аралап жүрміз. Ешқандай жүйеде тіркелмеген, сәйкесінше тиісті медициналық көмекті ала алмай жүрген адамдар бар. Бұл әсересе елдімекен тұрғындарына қатысты. МӘМС жүйесін жетілдіре түсуде өңірлердегі инфрақұрылым мен медициналық мекемелердің тиісті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілуі де маңызды», - деді Ажар Ғиният.
Сондай-ақ, министр МӘМС жүйесінің алға басуында кадр мәселесінің де барын айтты.
«Медицина саласында цифрландыруды қарқынды түрде енгізу керектігін естен шығармаған жөн. Депутаттық корпустың қолдауымен жақын арада сақтандырылмаған халықты МӘМС жүйесіне тартудың баламалы тетігін енгізу жоспарланып отыр. Оған сәйкес жүйеде тіркелмеген адамға алдын ала 12 айлық жарна төлеу қарастырылып отыр», - дейді ведомство басшысы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай елімізде жоғары технологияның көмегімен ота жасау 3 есе артқан.
Одан бөлек, Қазақстанда өлім-жітімнің 5 пайыз азайғаны айтылды.