Маңғыстау облысында теңіз суын тұщытатын ірі зауыт салынады

0
897

Тәулігіне 50 мың текше метр су өндіріліп, халыққа таза ауыз су ұсынылады.


Маңғыстау облысында теңіз суын тұщытатын ірі зауыт салынады

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында теңіз суын тұщытатын ірі зауыт салынады. Кәсіпорын шаһардың ауыз суға қажеттілігін толық өтейді деп күтілуде, деп жазады ҚазАқпарат.

Қала күні қарсаңында Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров журналистермен кездесті. Оның барысында жарты ғасырлық тарихы бар қаланы дамытуға бағытталған кешенді жоспар аясында алдағы 5 жылда жүзеге асырылатын жобалар жайында мәлім етті.

Қаладағы ауыз су тапшылығы да осы кешенді жоспар аясында шешімін табады. Кендірлі аймағынан теңіз суын тұщытатын ірі зауыт салу көзделуде. Қазір жобаның техникалық негіздемесі жасалып жатыр. Тәулігіне 50 мың текше метр су өндіріліп, халыққа таза ауыз су ұсынылады.

«Бұл, Жаңаөзен жұртшылығының тіршілік нәріне деген сұранысын толық өтейді. Ауыз су мәселесі бар. Дефицит 15 мыңдай екен. Кендірлі аймағында теңіз суын тұщыту зауыты салынады. 2021-2022 жылдары саламыз деп отырмыз. Тәулігіне (қуаты – ред.) 50 мың текше метр. Барлық қажеттілікті өтейді. Қазір техникалық-негіздемесі жасалып жатыр. Ол келесі айда бітеді»,- деді қала әкімі М. Ибағаров.

Мемлекеттің қолдауы мен Үкімет бекіткен Моноқалаларды дамыту бағдарламасының аясында қаланың келбеті көркейіп, инфрақұрылымы дамыды. Биыл алдағы 5 жылға арналған кешенді жоспар да бекітілді. 48 жобаны жүзеге асыруға түрлі қаржы көздерінен 62 млрд теңге қаржы бөлінбек. Қомақты қаражатты игеру басталып кетті. Жаңаөзенге қарасты Рахат ауылында Мәдениет үйі салынып жатыр. Ал, ашылғалы жөндеу көрмеген қалалық Мәдениет үйі жаңаруда. Күрделі жөндеу жүргізіліп, сахна ауыстырылды. Бірнеше мектеп жөнделіп, қажетті құралдармен жабдықталды. Орталық көшелер жарықтандырылып, жолдар жөнделді.

«Қордаланған мәселелер – ескі үйлер, 52 үй бар. Олар кешенді жоспарға кірген. 27 үйге документация жасалып қойды. Жобалық-сметалық құжаттамасын жасадық. «Самұрық-Қазынаның» көмегімен осы жылы сол жоба шеңберінде3 үйді жөндеуді бастап кеттік. Осы бір айдың ішінде бітіреміз деп күтілуде. Жұмыстардың басталғанына 3 аптадай болды. Сонымен қатар келесі жылы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында бюджеттен қаржыландырып, 24 үйді жөндейміз деген жоспар бар», - деді ол.