Маңғыстауда қу сүйегі қалған жылқылар қалай құтқарылады - Министрлік жауабы

0
720

АШМ мәліметінше, Үкімет резервінен жем-шөпті арзандатуға ақша бөлінуі мүмкін.


Маңғыстауда қу сүйегі қалған жылқылар қалай құтқарылады - Министрлік жауабы

ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығы министрлігі Маңғыстауда аштан азып кеткен жылқыларды құтқару жоспарын ұсынды, деп жазады Tengrinews.kz.

"Айналым тетігі бойынша жем-шөпті орталықтандырып сатып алу үшін "Каспий" ӘКК арқылы 204 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, 12 маусымда министрлік "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" АҚ ресурстары арқылы 637 тонна арзандатылған арпа тиеді. Арпа нарықтағы бағадан 17 пайызға арзан сатылады.
Маңғыстау облысы фермерлері жазда мал жаюы үшін Ақтөбе облысының Алға, Байғанин, Темір және Қобда аудандары бойынша 100 мың гектарға жуық жайылым жерлер анықталды. Қазіргі уақытта аталған аумаққа 1500 бас жылқы, 3000 бас қой, 200 бас түйе және 500 бас ірі қара мал тасымалданып жатыр", - деп хабарлады министрлік өкілдері.

Тікелей келісімшарттар жасасу арқылы өңірдегі азық құнын тұрақтандыруға мүмкіндік туғаны айтылады. Қазір шөп 1200-1300 теңге, бір орамы 12-16 мың теңгеге сатылып жатыр.



АШМ мәліметінше, Үкімет резервінен жем-шөпті арзандатуға ақша бөлінуі мүмкін.

"Осындай шаралар Қызылорда облысының әкімдігімен де пысықталды. Азық-түлік корпорациясы арқылы арпаны арзандатылған бағамен жеткізуге келісімшарт жасалады. Арал ауданының мал шаруашылығы үшін басқа аудандардан мал азығын жеткізу ұйымдастырылып жатыр. Сондай-ақ, фермерлер үшін жем-шөп құнын жергілікті бюджет есебінен субсидиялау тетігі жұмыс істейді. Бұған Қызылорда облысы бойынша 17 миллион теңге қарастырылған", - деді министрліктегілер.


Еске салайық, Желіде Маңғыстау облысында аштан азып кеткен жылқылардың суреттері талқыланған болатын. Суреттерді Facebook қолданушысы Бердімұрат Төрекенов жариялады. Оның айтуынша, Маңғыстау облысындағы бірнеше ауылда жылқылар өлім аузында тұр. Төрекеновтың сөзінше, биыл далада жаңбыр жоқ, жайылымдар кеуіп кеткен, жем жетіспегеннен жылқыларға берер азық жоқ.