Су тасқыны басталғаннан бастап осы уақытқа дейін өңірде 20 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналған.
ERNUR.KZ. Маңғыстауда тұрғындардан гуманитарлық көмек жинау тоқтатылды. Ендігі ресми түрде эвакуациялау жарияланған елді мекендерде тұрғындарға арналған эвакуациялық пункттерде ғана көмек көрсетіледі, деп жазады inform.kz.
Маңғыстау облыстық мәслихаты жанынан құрылған қоғамдық штабтың шешімімен өңірде су тасқыны салдарынан Атырау облысынан эвакуацияланған азаматтарға 15 эвакуациялық пунктте төсек-орын, ыстық тамақ беру түрінде мемлекеттік көмек көрсетілген болатын.
Маңғыстау облысы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» басшысы Аманкүл Жайылханованың айтуынша, су тасқыны басталғаннан бастап осы уақытқа дейін өңірде 20 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналған. Бұған дейін азаматтарға гуманитарлық орталықтарда азық-түлік пен материалдық заттар таратылған болатын.
«31 наурызынан бастап біз республика бойынша облыстық Достық үйлерінде штабтар құрып, гуманитарлық көмек қабылдадық. Біз бірінші кезекте көмекті Ақтөбе мен Құлсарыға жібердік. Ал гуманитарлық көмекті қабылдау қоймаларында жиналған барлық затты эвакуацияланған тұрғындарға таратамыз. Осымен гуманитарлық көмек қабылдау тоқтатылады. Алдағы уақытта эвакуациялық пункттер базасында төсек-орын және ыстық тамақ беру түрінде көмек көрсетіледі», - деді Аманкүл Жайылханова.
Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, ҚХА штабының төрағасы Ирина Беляева су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсеткен тұрғындарға алғысын жеткізді.
«Қиын кезеңде Маңғыстау облысының әрбір тұрғыны қолдау білдіріп, көмек көрсетті», - деді Ирина Беляева.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ел Президенті су тасқынынан зардап шеккен әрбір отбасы Үкіметтің назарынан тыс қалмайтынын мәлімдеді.
Сондай-ақ, Атырау облысының Жылыой ауданының орталығында болған су тасқыны кезінде Маңғыстау облысына 25 мыңнан астам тұрғын эвакуациаланған еді.