Маңғыстаулық түлектер кеш өткізудің орнына мұқтаж жандарға көмектесті

0
1 507

Мектептің оқушылары жиналған қаражатты сауапты іске жұмсап, Рамазан айында игі бастама бастады


Маңғыстаулық түлектер кеш өткізудің орнына мұқтаж жандарға көмектесті

ERNUR.KZ. Маңғыстаулық 3 мектептің түлектері бітіру кешінен бас тартып, қаражатты қайырымдылыққа жұмсады, деп жазады inform.kz.

Мұнайлы ауданы, Қызылтөбе ауылы №6 мектептің оқушылары жиналған қаражатты сауапты іске жұмсап, Рамазан айында игі бастама бастады. Ауылдағы жалғызбасты көпбалалы ананың жағдайымен танысып, оған үйіне қажетті төсек жабдықтары, үлкен кілем, ас ішетін стол, ыдыс-аяқ, азық-түлік алып берді.

«Түлектер кешін тойламаймыз деп бірауыздан шештік. Яғни, жиналған қаражатты мұқтаж отбасылардың қажетіне жұмсайық дедік. Ата-аналарымыз да қолдады», - дейді 11-сынып оқушысы Динара Қыдырбаева.

Көзіне жас алған ана қуанышын жасыра алмады.

«Айналайындар, көп раxмет. Жақсылықтарың Алладан қайтсын», - деп ризашылығын білдірді Айман Отарбаева.

Түлектер әрі қарай мектебінде жиналып, аз қамтылған тағы 3 отбасыны қуантты. Біреуінің баласына спорт киімдерін, біріне сауықтыру шипажайына жолдама, тағы бір отбасының баласына лагерьге жолдама алып берді.

Ал, қаладағы №11 мамандандырылған физика-математика мектебінің түлектері жиналған қаражатты балалар үйіне аудармақ. Осылайша, қамкөңіл бүлдіршіндерді қуантып, Рамазан айында игі бастаманы жалғастырмақ.