Министр маскүнемдікті емдеу тәсілдерін қайта қарау қажет екеніне тоқталды.
ERNUR.KZ. Елордада медициналық айықтырғыштар санын ұлғайту қажет. «Қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» тұжырымдамасы аясында Астанадағы мәселелер картасын таныстырған Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов осындай бастама көтерді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Елордада мас күйінде кісі өлтіру фактілерінің 70%, денсаулыққа ауыр зиян келтірудің үштен екі бөлігі, әрбір екінші зорлау және үшінші бұзақылық қылмысы жасалады. Өткен жылы Астанада мас қылмыскерлердің қолынан 18 азамат қаза тапты», - деп мәлім етті ол.
Министр сөзінше, бүгінде елордада мастығын куәландыру бойынша бір ғана пункт жұмыс істейді.
Онда 3 сарапшы ғана бар. Ал бір күнде оларға шамамен 50-70 адам жеткізіледі. Сондықтан оның жүктемесі шамадан тыс көп.
«Патрулдік жасақтар құқықтық тәртіпті қорғаудың орнына бір құқық бұзушыны тексеруге 2 сағатқа дейін уақыт жұмсайды. Бұл уақыт жолға, кезекте тұруға, қорытынды алуға кетеді. Нәтижесінде басқа қоңырауларға уақытында қызмет көрсетілмейді және азаматтар шағымданады. Сондықтан медициналық айықтырғыштар санын ұлғайту қажет. Қалада бар орталық тек 20 орынға арналған. Жыл басынан мұнда 3 мың адам жеткізілді», - деп мәселе көтерді Марат Ахметжанов.
Сондай-ақ министр маскүнемдікті емдеу тәсілдерін қайта қарау қажет екеніне тоқталды.
Оның мәлімдеуінше, қалада 50 орынға арналған мамандандырылған емдеу-сауықтыру мекемесі бар.
«Жыл басынан бері сот тек 29 адамға мәжбүрлеп емдеуді тағайындады. Бұл - елдегі бүкіл осындай шешімдердің тек 2 пайызы. Бұл ретте елордада есепте 2 мың адам тұр. Бұл ретте мен учаскелік комиссиялардың әлсіз жұмысын атап өткім келеді. Сонымен қатар, емдеудің әсері де жоқ. Отбасында жалжал шығарғандар осындай емдеу орындарына бірнеше рет жіберілген, бірақ шыққаннан кейін ішуді әрі қарай жалғастырады», - деп түйіндеді Марат Ахметжанов.