Депутаттар 1 қарашада қайтыс болған Темірхан Досмұхамбетовті еске алды.
ERNUR.KZ. Мәжіліс отырысы бір минут үнсіздікпен басталды. Депутаттар 1 қарашада қайтыс болған Темірхан Досмұхамбетовті еске алды, деп жазады Tengrinews.kz.
"Еліміздің дамуына орасан зор үлес қосқан нағыз бірегей тұлға Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетовті көбіңіз танисыз. Мемлекет қайраткері, ол Қазақстан тәуелсіздігі бастауында Елбасымен бірге болғандардың бірі. Ол әртүрлі салада қызмет етті. Туризм және спорт министрі, елорда әкімі болды, Ұлттық Олимпиада комитетін басқарды, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Қай жерде жұмыс істесе де тамаша нәтижеге қолжеткізді", - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Ол соңғы кезде Темірхан Досмұхамбетов ауыл шаруашылығымен айналысқанын айтты. Ол басқарған "Байсерке-Агро" ғылыми-өндірістік холдингі бүгінде Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал.
"Ол шынымен де, өте жауапты, шыншыл, еліміздің нағыз патриоты еді. Тағы да бүкіл депутат корпусы атынан отбасының, туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Бір минут үнсіздікпен әріптесімізді еске алуды ұсынамын", - деді Нығматулин.
Темірхан Досмұхамбетов 1 қарашада қайтыс болды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің отбасы мен жақындарына көңіл айтты.