Оның ішінде Жоғарғы сотқа 55, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарға 104 және аудандық соттарға 7 арыз берілді.
ERNUR.KZ. Сайлау науқаны барысында кандидаттар сотқа шағымданып, 166 арыз түсірді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Сотқа Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттардан 166 арыз түскен. Оның ішінде Жоғарғы сотқа 55, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарға 104 және аудандық соттарға 7 арыз берілді. Бүгінде сотта 164 арыз-шағым қаралды. Оның ішінде 49 іс қанағаттандырылды, 84 іс бойынша қанағаттандырудан бас тартылды, 15 талап қоюшы арызын кері қайтарып алды және сот 16 арызды қараусыз қалдырды», - деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов.
Аудандық комиссиялардың шешімдерімен Парламент Мәжілісінің депутаттығына 6 кандидаттың құқығы қалпына келтірілген.
«Оның ішінде Астана қаласы бойынша бесеу және Шымкент қаласы бойынша біреу. Сотқа түскен 166 арыздың 135-і депутаттыққа кандидаттар ұсынған активтер мен міндеттемелер туралы декларациялардағы мәліметтердің дұрыс еместігі туралы, сол сияқты мемлекеттік кіріс органдарынан ақпарат ұсынылғаннан кейін сайлау комиссиялары қабылдаған кандидаттарды тіркеудің күшін жоюға қатысты», - дейді ол.
Оның айтуынша, Сайлау туралы Конституциялық заңның 89-бабы 4-3-тармағының 4-тармақшасына, 104-бабы 6-1-тармағының 4-тармақшасына сәйкес округтік сайлау комиссиясы декларацияда активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтердің дұрыс еместігі анықтаған жағдайда кандидатты тіркеу туралы шешім күшін жояды.