Мәжілісте ауыл шаруашылығы министріне сын айтылды

0
482

Бұл жағдай Мәжiлiс отырысында Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекске енгiзiлетiн өзгерiстердi талқылау барысында болған.


Мәжілісте ауыл шаруашылығы министріне сын айтылды

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаттары ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевті сынға алды, деп жазады tengrinews.kz.

Бұл жағдай Мәжiлiс отырысында Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекске енгiзiлетiн өзгерiстердi талқылау барысында болған. Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов министр өз баяндамасында мемлекет меншігіне қайтарылған жер иелерін ашық айтпағанын айтты.

"Мыңдаған гектар жерді қайтарып жатырмыз деп айттыңыз... Қай облысқа барса да, оңды-солды әкімнің жерлері бар. Барлық елді мекенде жер тапшылығы байқалады. Неге иесі кім екенін көрсетпейсіз. Бәрі айтуға қорқады. Баяндамада жаңа ғана мыңдаған гектар туралы айттыңыз, мұның бәрі өтірік, өйткені халық наразы. Осы жұмыстардың бәрін бастағанда осындай жерлердің иесі осындай адамдар екенін неге айтпайсыздар", - деп ашуланды жиында депутат.

Ауыл шаруашылығы министрі тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын және биыл 5,2 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын айтты.

"Сіздің сыныңызды қабылдамаймын. Биыл 5,2 миллион гектар жерді қайтардық. Бұл бұрынғы олигархтардың, әкімдердің жерлері. Келесі жылы тағы 5 миллион жер қайтарылады. Қазір жұмысты өте белсенді жүргізіп жатырмыз, 1 қаңтардан бастап барлық жерде осы жерлердің иесі кім екені жазылады, яғни барлық ақпарат қолжетімді болады. Біз қазір интерактив картаны жасап жатырмыз, сондықтан олай айтуға болмайды. Өйткені 5,2 миллион гектар бойынша, осы жер иелерінің барлық аты-жөні мен тегін көрсетуге дайынбыз", - деді Қарашөкеев.

Депутат Азат Перуашев министрдің баяндамасымен келіспейтінін айтты.

"Мұндай сынды тыңдағымыз келмейді дейсіз, бірақ біз тыңдауға мәжбүрлейміз, бұл біздің халық алдындағы міндетіміз. Интерактив картаға келетін болсақ – 3-5 жылдан бері талап етіп келеді. Қазір бізді жұбату үшін оның пайда болатынына уәде беріп отырсыз. Әр жолы осылай дейсіз, неге тек мұндай уәделер ғана. Ол қашан жүзеге асырылады және қашан пайда болады?
Біздің мақсатымыз сізді қалай да кінәлау немесе басқасы емес. Бірақ сіз Парламент мінберінен осындай ақпаратты айттыңыз, сондықтан ақпарат шынайы болуы керек. Интерактив карта жұмыс істемейді, ол шынымен де солай. Қолжетімді болса, біз білетін едік. Сондықтан мен өз тарапымнан сіздің ақпаратыңызбен келісе алмаймын", - деп ашуланды Мәжіліс депутаты.