Үкімет басшысының атына жолданған депутаттық сауалда Қазақстан Республикасының құрылыс нарығында құрылыс материалдарының жаппай қымбаттауы байқалып отырғандығы, құрылыс материалдары құнының өсуі тұрғын үй құнының қымбаттауына әкеп соққаны аталып өткен.
ERNUR.KZ. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жамбыл Ахметбеков құрылыс материалдары бағасын реттеуге қатысты ұсыныс айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
Үкімет басшысының атына жолданған депутаттық сауалда Қазақстан Республикасының құрылыс нарығында құрылыс материалдарының жаппай қымбаттауы байқалып отырғандығы, құрылыс материалдары құнының өсуі тұрғын үй құнының қымбаттауына әкеп соққаны аталып өткен. Сәйкесінше, бұл мемлекеттік бюджет есебінен салынатын мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік объектілер құрылыстарының да қымбаттауына алып келетіні белгілі.
Ж. Ахметбековтың айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанда құрылыс маусымының басталуы қарсаңында белгілі бір салаларда кадрлар тапшылығы қалыптасты. Құрылыс саласында кадрлардың жетіспеушілігі қатты сезілуде, ең алдымен, әртүрлі жұмысшылар, тас қалаушылар, әрлеуші-сырлаушылар және т.б. мамандар жетіспейді.
Кадр жетіспеушілігінің негізгі себептерінің бірі құрылыс саласы мен техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінің арасындағы өзара байланыстардың болмауынан болып отыр.
«Көптеген колледждер оқушылардың кәсіби бағдарын шыңдамайды, оларға объектілерде кәсіби практикадан өту мүмкіншіліктерін жасамайды. Бүгінгі таңда Қазақстан Құрылысшылар одағының ақпаратына қарайтын болсақ, еліміздің құрылыс саласына 242 000 маман жетіспейді», - деді депутат.
Осыған байланысты, еңбек нарығындағы жетіспеушілікті толықтыру қажет және жұмыс берушілерге қолда бар кадрлық проблемалардың орнын толтыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі мына мәселелерді қарастыруы тиіс:
- Қазақстанда тұрғын үй құнының өсуін тежеу мақсатында құрылыс материалдары нарығында баға белгілеуді реттеп отыру мүмкіндіктерін іздестіру;
- Қызметкерлердің Қағидаларының 5-санатына «шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың ерекше санаты» - төмен білікті немесе біліктілігі жоқ қызметкерлер» деген толықтыру енгізу;
- Жұмыс берушілерге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу кезеңінде шетелдік қызметкерді Қазақстан аумағында болу уақытын жобаның мерзіміне сәйкес ұлғайтуына мүмкіндік беру;
- Пилоттық жобаны іске асыру арқылы объектілерді салу кезінде FIDIC қағидаттары мен ережелерін енгізу;
- Техникалық және кәсіби білім беру мекемелеріндегі оқу процесіне өндірістік оқуларды енгізу жөніндегі және оқушылардың өндірістік практикалардан өтуі мен оларды дуальдық оқыту принциптерімен толықтыру жөніндегі жұмыстарды үйлестіруді қамтамасыз ету.