Media Құрылтай: Енді мемтапсырыстар БАҚ-қа тендер арқылы берілмейді

0
760

«Ковид дәуіріндегі медианарық» тақырыбында өткен елдің басты медиақұрылтайында біршама түйткілді мәселелер көтерілді.


Media Құрылтай: Енді мемтапсырыстар БАҚ-қа тендер арқылы берілмейді

Келер жылдан бастап мемлекеттен түсетін ақпараттық тапсырыстар тендер арқылы ұтысқа салынбайды. Бұл туралы Ақпарат комитетінің төрағасы Қанат Ысқақов Алматыда өтіп жатқан ХІІІ медиақұрылтай барысында мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Алматы арнасына сілтеме жасап.

Қанат Ысқақовтың сөзінше, енді мемлекеттік тапсырысты қай бұқаралық ақпарат құралы алатынын арнайы құрылатын байқау комиссиясы шешеді. «Ковид дәуіріндегі медианарық» тақырыбында өткен елдің басты медиақұрылтайында біршама түйткілді мәселелер көтерілді.

Алғашқы панельдік сессияда халықтың бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенімі талқыға түсті. Мамандардың сөзінше, отандық медиадағы ақпараттық құралдардың 85 пайызы жеке меншік болғанымен, барлығы дерлік мемлекет есебінен қаржыландырылады. Сондықтан да халықтың медиаға сенімі төмендеп кеткен. Жарнамамен жұмыс мардымсыз, авторлық жобалар аз деген пікірлер айтылды. Халық сенімін анықтау үшін сарапшылар арнайы сауалнама жүргізген. 2017 жылы жұрттың бұқаралық ақпарат құралдарына сенімділігі 55 пайыз болса, биыл 41 пайызды көрсетіпті. Бірақ бұл қалыпты үрдіс дейді мамандар.

«Әлеуметтік желі дәуірлеп тұрған, дақпырт көп тарайтын заманда дәстүрлі баспасөздің салмағы мен үлесі өсе бастаған сияқты. Оларға деген сенім өсе бастағандай. Менің ойымша, бұл журналистер үшін, дәстүрлі баспасөз үшін үлкен мүмкіндік және шанс дер едім», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.

Дәстүрлі БАҚ-тың қайнар көзі әрі халықтың ең сенімді ақпарат тетігі басылымдар болса, бүгінгі сандық технологиялар дамыған заманда олардың жойылып кету қаупі бар. Сондықтан министрлік тарапы бүгінде тым құрығанда газеттердің тиражын сақтап қалу, субсидия беру немесе қаржылай қолдау көрсету механизмдерін қарастырып жатыр екен. Сондай-ақ медиа саласының мамандарын аймақтық БАҚ-тың жағдайы алаңдатады. Осы ретте еліміздің ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты комитет өкілі аймақтық деңгейдегі ақпараттық мемлекеттік тапсырыстар жаңа жылдан бастап тендерлерге тәуелді болмайды деді.

«Дәлірек айтсақ, енді мемлекеттік ақпараттық тапсырыстар мемлекеттік сатып алулар жүйесінен алынады. Бұл норма қазір қабылданды. Қаңтардан бастап күшіне енеді. Бұл аймақтық және республикалық ақпарат құралдарының дамуына едәуір серпін береді деп ойлаймыз. Яғни қазіргідей бір өңірдегі БАҚ басқа бір өңірдің тапсырысын орындамайды», – дейді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ақпарат комитетінің төрағасы Қанат Ысқақов.

Мемлекеттік тапсырысты алуда енді бағаға емес, ақпарат құралының шығармашылық, сараптамалық құрамына аса мән беріледі. Ол үшін үкіметтік емес ұйым мен БАҚ өкілдері, мемлекеттік орган мамандары бар комиссия құрылмақ. Бұдан бөлек шарада журналистердің мәртебесі, кәсіби шеберлігі, өзін өзі қаржыландыруы тұрғысындағы мәселелер қаралды.

«Журналистің әлеуметтік жағдайы қатты толғандырады. Өйткені жалақы, қаламақы аз дейді. Әсіресе аймақтарда 50 мың теңгеге жұмыс істейтін әріптестеріміз бар. Одан кейін жұмыссыздық басым. Былтырғы індеттен кейін өкінішке қарай, жұмыссыз қалған журналистер көбейді», – дейді түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы.

Жиында жалған ақпаратпен жұмыс, материалдардың сапасы, жарнама тарту, жаңа технологияларды қолдана алу сияқты түйткілдер сөз болды. Журналистердің тағы бір көтерген мәселесі – БАҚ туралы жаңа Заңнама жасақтау. Мұндай құжатты әзірлеуге кәсіби мамандарды, сарапшыларды тарту туралы ұсыныстар айтылды.