«Мектепке жол» акциясына өзгеріс енгізілуі мүмкін

0
2 261

"Тұрғындар тарапынан «Мектепке жол» акциясына өзгеріс енгізу керектігі туралы ұсыныстар түсіп жатыр", - дейді Ләззат Шыңғысбаева.


«Мектепке жол» акциясына өзгеріс енгізілуі мүмкін
ERNUR.KZ. Биылдан бастап «Мектепке жол» акциясына өзгеріс енуі мүмкін. Бұл туралы «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Ләззат Шыңғысбаева мәлімдеді, деп жазады Елорда Инфо.


«Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, биылғы наурыз айынан бері осы бірлестіктің электронды порталы арқылы елдегі мұқтаж жандарға 70 миллион теңгенің көмегі көрсетілген. Бұдан бөлек, ірі компаниялар аталған қоғамдық бірлестік арқылы Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын қалыпқа келтіру жұмыстарына 500 миллион теңге қаржы жинаған. Енді бұл қоғамдық бірлестік «Мектепке жол» акциясына да атсалыспақ.

«Тұрғындар тарапынан 11 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Мектепке жол» акциясына өзгеріс енгізу керектігі туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Өйткені бұған дейін өткен шараларда кейбір ата-ана «маған дұрыс көмек берілмеді» десе, енді бірі «қажетті заттар жетпей қалды», тағы бірі «алған құралдарымыз сапасыз болды» деген сияқты арыз-шағымдар жасады. «Осы жолы мұны басқаша өткізейікші» деп бізге хабарласқан адамдар көп болды. Сондықтан қазір біз осы акция бойынша арнайы жоба дайындап жатырмыз», – дейді Ләззат Шыңғысбаева.

Оның сөзінше, жақында «Халық» банкі арқылы арнайы шот ашылған. Енді оның онлайн транзакциясы іске қосылмақ.

«Мұқтаж адамдар біздің сайтқа кіріп, балаларына қажетті мектеп құрал-жабдықтарынан нақты ненің қажеттігін жазып, өтініш қалдыра алады. Сол бойынша Білім және ғылым министрлігі мен білім беру мекемелеріндегі әлеуметтік мамандар, түрлі компания өкілдері бірлесіп жұмыс жүргізетін боламыз. Яғни көмекке мұқтаж ата-аналардың сауда орындарына барып, балаларына қажетті мектеп формасы мен құрал-жабдықтарды өздері таңдап алуға мүмкіндік қарастырамыз. Қазір осы жобаның техникалық жағын реттеп жатырмыз. Тізімді министрліктегі және мектептердегі тізімдермен салыстыратын боламыз. Содан көмекке ие болған ата-аналарды фотоға түсіріп, сайтта жариялаймыз. Оны министрліктегілер де көріп отыруы тиіс», – дейді «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры.